Elorda CUP-2023: Астанаға әлемнің ең мықты боксшылары ағылуда
Жарысқа Өзбекстан, Үндістан, Жапония, Қытай, Түрікменстан, Таиланд, Моңғолия, Бахрейн, Тәжікстан, Сербия және Қазақстан құрамаларынан 200-ден астам былғары қолғап шеберлері қатысады. Ринг иелері бірнеше құрамда өнер көрсетеді, олардың арасында жақында Ташкентте өткен 2023 жылғы әлем чемпионатында ерекше көзге түскендер спортшылар да бар. Турнирдің мақсаты туралы қазақстандық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтып берді.
"12-26 маусым аралығында Астанада оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Ұлттық құрама мүшелері елорда кубогына қатысу үшін дайындық мақсатында осында жиналды. Бұл жарыс кейбір жігіттеріміз үшін Азия ойындары алдындағы іріктеу жарысы деп айтсақ та болады, ал кейбіріне шеберліктерін шыңдау үшін қажет. Осы кезде Еуропа Кубогы өтіп жатқандықтан бізге көптеген ел келе алмайды. Бірақ ниет танытып отырғандар жетерлік. Бұл жарыс бізде жылда өтеді, ол ірі ойындар алдында спортшыларымызды тексеріп, шама-шарқына баға беруге мүмкіндік береді". Мырзағали Айтжанов
Elorda CUP-2023 жарысында ел намысын Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырханов, Дулат Бекбауов, Асламбек Шымбергенов және басқа да көптеген әлем чемпиондары қорғайтын болады.
Әйелдер құрамасы сапында Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова және Валентина Халзова өнер көрсетеді.