Қазақстан шахматшылары Үндістанды сенсациялық түрде жеңіп, әлем чемпионатында топ жарды
Блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева жетекшілік ететін Қазақстан әйелдер құрамасы тартысты жарыста турнир фавориттері Үндістан шахматшыларын 2,5:1,5 есебімен ұтты. Үш тең жекпе-жектен кейін текетірестің нәтижесі төртінші тақтада шешілді: Әмина Қайырбекова Шри Савитаны жеңді.
Командалық әлем чемпионатының екінші турында Үндістан құрамасымен кездесу өтті. Стартта біздің шахматшылар Мысыр құрамасын 3:1 есебімен ұтты. Бибісара Асаубаева мен Меруерт Камалиденова команда қоржынына жеңіс ұпайын әкелді. Ксения Балабаева мен Алуа Нұрманова өз ойындарын тең ойнады.
Осылайша екі турдан кейін Қазақстан әйелдер құрамасы төрт ұпаймен А тобында көш бастады. Алда Қазақстан шахматшылары Франция, Украина және Грузия құрамаларымен ойнайды.
Басқа кіші топта АҚШ пен Қытайдың шахматшылары көш бастап тұр. Әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты 12 қыркүйекте аяқталады.
Бұған дейін Қазақстанда шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген еді.