Париж-2024 олимпиадасына 158 күн қалды: спортшыларымыздың дайындығы қалай
Бүгінде Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 8 түрі бойынша 19 жолдама бар (садақ ату - 4, тас жолдағы велоспорт - 3, нысана көздеу - 5, қазіргі бессайыс - 2, бокс – 2, грек-рим күресі - 1, еркін күрес - 1, спорттық гимнастика - 1.
Жоспар бойынша 25 спорт түрі бойынша лицензиялардың санын 90-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Сонымен қатар жүлдеге үміткер 54 спортшыдан тұратын тізім жасақталды. Құрама көшбасшылары әр спорт түрінің ерекшелігін ескере отырып, жеке жоспар бойынша дайындалады.
"Бір сөзбен айтқанда олар ештеңеге мұқтаж болмайды. Олимпиада алдындағы тестілік жарыстарға қатысу да маңызды екені тілге тиек етілді. Әр спорт түрінің жарыс кестесіне сәйкес, командалардың Парижге ұшып бару уақыты бекітілетін болды. Сонымен қатар ұлттық құрама спорт киімі үлгісінің дизайнын бекітіп, оны дайындау ерекше назарда болатыны ескерілді", - делінген Туризм және спорт министрлігінің хабарламасында.
Төртжылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Франция астанасы Парижде өтеді. Оған әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Оған дейін 17 сәуірде бүкіл ел бойынша "Олимпиадаға 100 күн" іс-шарасы өтеді. Айтулы күнге орай флеш-мобтар мен спорт жарыстары ұйымдастырылады.