Бокстан ерлер құрамасының жаңартылған бапкерлік құрамының тізімі жарияланды
Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірнеше күн бұрын Олимпиададан кейінгі алғашқы оқу-жаттығу жиынына кіріскен ұлттық құрамамен қазіргі уақытта Қайрат Сәтжан бастаған жаңа бапкерлік құрам жұмыс жүргізуде. Бапкерлік кеңестің шешімімен сапқа бірқатар маман қосылды.
Жаңартылған бапкерлік құрам
- Қайрат Сәтжан - бас жаттықтырушы
- Асқар Еркебаев - аға жаттықтырушы
- Ілияс Оралбеков - жаттықтырушы
- Нұркен Андасов- жаттықтырушы
- Азамат Мақажанов - жаттықтырушы
- Талғатбек Жакпеков - жаттықтырушы
- Нұржан Насанов - жаттықтырушы.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Азия чемпионатына дайындық барысында командаға білікті маман, диетолог-нутрициолог, Александр Усик, Василий Ломаченко, Теофим Лопез, Теренс Кроуфорд және тағы басқа жүзден аса кәсіпқой боксшымен жұмыс істеген Александр Фока көмектесуде.
"Айта кетерлік жайт, жоғарыда көрсетілген бапкерлер тізімі әлі де толықтырылады. Жаңа мамандар бойынша шешім желтоқсан айында өтетін Қазақстан чемпионатынан кейін қабылданбақ. Оған қоса қазіргі уақытта бірқатар шетелдік мамандармен келіссөздер жүргізілуде. Жақын арада есімдері белгілі болады". ҚБФ баспасөз қызметі
2024 жылы 14 тамызда Париждегі Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша жаттықтырушылар кеңесі өтті. Бокстан ерлер құрамасының бапкерлік құрамы жұмыстан толығымен шеттетілді.