Астаналықтар әлемдегі ең беделді жарысты тегін тамашалай алады

Бұл додаға 47 елден 412 спортшы қатысады. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері де бар.
Алдағы турнирдің маңызы зор, өйткені бұл – 2025 жылғы әлем чемпионаты алдындағы соңғы Grand Slam кезеңі. Бұл дода спортшыларға өз мүмкіндігін бағамдап, рейтингтегі орнын жақсартып, маусымның басты жарысына дейін қажетті ұпай жинауға мүмкіндік береді.
Қазақстан құрамасы жарыс иесі ретінде спортшыларға бай құраммен қатысады. Құрама көшбасшылары да тізімде бар. Алайда Астанада Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева татамиге шықпайды. Бапкерлер штабы бұл спортшыларды әлем чемпионатына тыңғылықты дайындық үшін сақтауды жөн көрді.
Сонымен қатар бапкерлер тағы да жас дзюдошыларға сенім артып отыр.
Қазақстан құрамы төмендегідей:
Ерлер:
- 60 келі: Мағжан Шамшадин, Аман Бақытжан, Дәурен Суюкенов, Талғат Орынбасар
- 66 келі: Ғұсман Қырғызбаев, Ердәулет Бозша, Бауыржан Нарбаев, Мирас Жонысов
- 73 келі: Саясат Сейітқалиев, Қуан Барыс, Бақытжан Әбдурахманов, Есет Қуанов
- 81 келі: Абылайхан Жұбаназар, Жалғас Қайролла, Айғали Қалдыбек, Азат Күмісбай
- 90 келі: Аян Байғазы, Құдырет Досымов, Айдар Арапов
- 100 келі: Марат Байқамұров, Бейбіт Мадеев, Бақжан Байтас
+ 100 келі: Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Мәди Еділбаев, Жамбыл Тұрғыналиев
Әйелдер:
- 48 келі: Диана Буркеева
- 52 келі: Құндыз Жылқытай, Айшабибі Мұрадимова
- 57 келі: Дина Мұханбет, Дана Әбдірова
- 63 келі: Асылжан Орынбасарова
- 70 келі: Аруна Жангелдина, Кристина Сотникова, Диана Телбаева, Анастасия Морозова
- 78 келі: Нәзерке Тілеуханова, Замзагүл Файзолланова
+ 78 келі: Ақерке Рамазанова, Толқын Тұрсынақынова
Астанадағы бұл турнир Grand Slam сериясы аясындағы ең ірі додалардың біріне айналмақ. Әлемдік дзюдошылардың басым бөлігі сапқа қайта қосылып жатыр. Астанадағы татами үстінде Олимпиада чемпиондары – Нагасе Таканори (Жапония), Рафаэла Силва және Беатрис Соузу (Бразилия), Олимпиада жүлдегерлері – Ян Юнвэй (Қытай Тайбэйі), Теодорос Целидис, Ли Ен Хван (Оңтүстік Корея) және басқалары өнер көрсетеді.
Сонымен қатар әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де қатысады. Атап айтқанда: Нильс Штумп (Швейцария), Тамауки Момо (Жапония), Неманья Майдов (Сербия), Харим Ли (Оңтүстік Корея), Альберто Мартин Гайтеро (Испания), Маша Баллхаус (Германия).
Ал, ұлттық құраманы 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастап шығады. Бұл турнир – оның Олимпиададан кейінгі алғашқы жарысы болмақ.
Айта кетейік, жарыстың алғашқы күні – 9 мамырда сағат 10:00-де басталады. 10 мамырда – 10:30-да басталса, ал 11 мамырда – 11:00-де. Финалдық бәсекелер әр жарыс күні сағат 17:00-де басталады. Көрермендер үшін кіру тегін.