Ауыр атлет Бейбарыс Ерсейіт жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында қос медаль иеленді
Сурет: ҚР ҰОК
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен зілтемірші серпе көтеруде үшінші нәтиже көрсетті: 152 келі.
Вьетнам спортшысы Дуи Нгуен жарыс жеңімпазы атанды. Ол 156 келіні көтеріп, жасөспірімдер арасында Азия рекордын жаңартып, Азия ойындарының жаңа көрсеткішін тіркеді.
Күміс жүлде Қытай атлеті Бохан Ванға бұйырды: 155 келі.
Бұған дейін Ерсейіт жұлқа көтеруде күміс медаль жеңіп алған болатын. Ерсейіт үш мүмкіндіктің екеуін сәтті орындап, үздік мүмкіндігінде 123 келіні еңсерді. Осылайша күміс медаль алды.
Бірінші орынды Солтүстік Корея спортшысы Джин Мен Во иеленді - 124 келі. Ал қола жүлде Сауд Арабиясының өкілі Абдулла Алмохаймедке бұйырды - 122 келі.
Айта кетсек, Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының өкілі Снежана Кашкарова Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында бесінші орын алған болатын.