Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Junior Davis Cup турнирінің финалдық кезеңіне шықты
Сурет: ktf.kz
Шымкентте өтіп жатқан Азия/Мұхит жағалауы аймақтық іріктеу турнирінің жартылай финалына жолдама алған отандастарымыз әлемдік біріншіліктің шешуші сатысына мерзімінен бұрын өтті.
Ширек финалдық бәсекеде Қазақстан құрамасы Гонконг командасын ұтты. Алғашқы болып кортқа шыққан Ахмади Маханов қарсыласы Такуто Матсуоны 6:2, 6:3 есебімен қапы қалдырды. Одан кейінгі кездесуде Аңсар Ниетқалиев Чой Фу Вангтан 6:3, 6:4 есебімен басым түсіп, жалпы есептегі жеңісті бекітті.
Жекелей сындағы екі матчтан кейін есеп 2:0 болып, кездесу тағдыры шешілгендіктен, жұптық ойын өткізілген жоқ.
Іріктеудің жартылай финалында біздің теннисшілер Үндістан мен Өзбекстан матчының жеңімпазымен кездеседі (әзірге бұл текетіресте есеп – 1:0).
Аймақтың ең үздік төрт командасы жолдама алатын Junior Davis Cup турнирінің финалдық кезеңі осы күзде өтеді. Жылдың басты додасында әлемнің ең мықты 16 жасөспірімдер құрамасы бас қосады. Жарыстың қай қалада өтетінін Халықаралық теннис федерациясы (ITF) кейінірек жариялайды.
Шымкенттегі іріктеу кезеңінде ел намысын Ахмади Маханов, Аңсар Ниетқалиев және Родион Трайгель қорғап жатыр. Жасөспірімдер құрамасы кортқа капитан Сергей Квактың жетекшілігімен шықты.
Өткен жылдардың нәтижелері
- 2023 жыл: Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Шымкенттегі іріктеуден өтіп, Испаниядағы әлем чемпионатының финалдық кезеңінде үздік ондықтың қатарынан көрінді.
- 2024 жыл: Команда тарихи рекордты жаңартты – тағы да өз үйіндегі іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, Түркиядағы әлем біріншілігінде жоғары 5-орынға табан тіреді.