Аудит нәтижесі: Қазақстан атынан шетелге баратын спорт делегациясы қатаң іріктелетін болды
Сурет: Zakon.kz
Енді спортшылармен бірге қанша жаттықтырушы, дәрігер, массажист, федерация немесе министрлік өкілі баратыны нақты норматив арқылы есептеледі, деп хабарлады ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 2026 жылы 26 тамызда.
Жаңа тәртіп Туризм және спорт министрінің 2026 жылғы 8 шілдедегі бұйрығымен бекітілді.
"Бұған Жоғары аудиторлық палатаның Токио Олимпиадасына дайындық пен қатысуға бөлінген бюджет қаражатына жүргізген аудиті негіз болған. Тексеру кезінде бұған дейін делегация құрамын жасақтаудың ортақ өлшемі болмағаны анықталды. Яғни бір спортшыға қанша жаттықтырушы, медицина маманы, штаб мүшесі немесе ресми тұлға тиесілі екені нақты белгіленбеген. Соның салдарынан іссапар шығындарының қаншалықты негізді екенін бағалау қиын болған. Енді бұл мәселе нақты формуламен реттеледі: өкілдер саны спортшылар санына бөлініп, 100 пайызға көбейтіледі", делінген хабарламада.
Жаңа норматив ең алдымен ресми тұлғалардың санын шектейді.
Мәселен, жазғы Олимпиадада Туризм және спорт министрлігі өкілдерінің үлесі спортшылар санының 3 пайызынан, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өкілдерінің үлесі 2 пайызынан аспауы тиіс.
Қысқы Олимпиадада бұл көрсеткіш тиісінше 10 және 8 пайызға дейін жоғарылайды. Министрлік мұны қысқы құрамдағы спортшылар санының жазғы Олимпиадаға қарағанда аз болуымен түсіндіреді.
Ал ең үлкен үлес спортшылармен тікелей жұмыс істейтін мамандарға берілген. Жазғы Олимпиадада жаттықтырушылар құрамының үлесі 86 пайызға дейін, ал қысқы Олимпиада мен Паралимпиадада 100 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Бұл санатқа бас және аға жаттықтырушылар, жеке бапкерлер, сервис-жаттықтырушылар мен кеңесшілер кіреді. Мамандарды таңдауда спорт түрінің маңызы мен спортшының жүлдеге таласу мүмкіндігі де ескеріледі.
Спорттық медицинаға да жеке норма белгіленді. Дәрігерлер, массажистер және басқа медицина қызметкерлерінің үлесі жазғы Олимпиадада спортшылар санының 28 пайызына дейін, ал өзге жарыстарда 23 пайызға дейін болуы мүмкін.
Паралимпиада және басқа кешенді жарыстарда бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыларға ілесіп жүретін адамдардың үлесі 38 пайызға дейін белгіленген.
Ұлттық олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиада комитеттерінің өкілдеріне де шек қойылды. Олар жазғы ойындарда спортшылар санының 13 пайызына дейін, қысқы ойындарда 40 пайызына дейін адам қоса алады.
Олимпиадалық даярлау орталықтары, федерациялар мен өзге жауапты ұйымдардың үлесі жазғы Олимпиадада 12 пайыздан, қысқы ойындарда 20 пайыздан аспайды. Ал бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің квотасы тиісінше 6 және 12 пайыз көлемінде белгіленген.
"Осылайша, Қазақстанда ірі халықаралық жарыстарға баратын делегация құрамын бұрынғыдай әр жолы жеке шешіммен кеңейтуге мүмкіндік шектеледі. Әрбір қосымша маман мен ресми тұлғаның сапарға баруы нақты нормативпен негізделуі тиіс. Жаңа жүйенің мақсаты – спортшыларға шын мәнінде қажет мамандарға басымдық беру, бюджет шығындарын алдын ала жоспарлау және негізсіз іссапар шығындарының тәуекелін азайту", - дейді министрліктен.