Қазақстандық шабандоз Польшадағы халықаралық турнирде күміс медаль жеңіп алды
Сурет: ҚР ат спорты федерациясының баспасөз қызметі
Салалық федерация баспасөз қызметінің мәліметінше, 27-30 тамыз аралығында ұйымдастырылып жатқан жарыстың бүгінгі бағдарламасында қазақстандық шабандоздар биіктігі 120 сантиметр болатын CSI1* Dr Horse Cup маршрутына қатысты.
Жарыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде спортшылар 6 кедергіден және 7 секіруден өтсе, екінші кезеңде 5 кедергі мен 6 секіруді орындады. Екі кезеңдегі кедергілердің биіктігі — 120 сантиметр.
Раиса Соколенко мен Chevalier екі кезеңді де айып ұпайынсыз сәтті аяқтады. Шешуші екінші кезеңде қазақстандық жұп 27,78 секунд нәтиже көрсетіп, ІІ-орынға ие болды. Бұл – жеңімпаз көрсеткішінен небәрі 0,09 секундқа кем. І-орынды Германия өкілі Silvio Weiss Stella B атымен 0 айып ұпайы және 27,69 секунд нәтижесімен жеңіп алды. ІІІ-орын Польшаның спортшысы Anna Klosowska мен Eflim жұбына бұйырды. Олардың нәтижесі – 28,32 секунд.
Раиса Соколенко жоғары халықаралық бәсекелестік жағдайында бірқатар тәжірибелі еуропалық спортшыдан озып шықты. Атап айтқанда, Германия өкілі Simon Heineke 4-орын, Matthias Lucas 5-орын, ал Австрия спортшысы Christian Rhomberg 7-орын алды.
Осы маршрутта тағы бір спортшымыз Олег Соколенко Shenanigan атымен 8-орынға тұрақтады. Ол бірінші кезеңді қатесіз аяқтағанымен, екінші кезеңде 4 айып ұпайын алды. Сонымен қатар Олег Соколенко 27,63 секунд уақыт көрсетіп, екінші кезеңдегі барлық қатысушылар арасындағы ең үздік уақытты тіркеді.
Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері (Prestige Horse Club спортшылары) халықаралық маршруттың ТОП-8 қатарына енді.
Польшадағы жарыс Жапонияда өтетін 2026 жылғы XX Азия ойындарына дайындық аясындағы маңызды халықаралық старттардың бірі болып отыр. Еуропадағы жарыстар спорттық жұптарға жоғары деңгейдегі халықаралық бәсеке жағдайында тәжірибе жинақтап, маршруттарды тұрақты әрі жылдам өту шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бұған дейін тағы бір қазақстандық шабандоз халықаралық турнирде үздіктер қатарынан көрінген болатын.