Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды
Наразылық тудырған үкімге сәйкес, ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігінде, 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін Т. кінәлі деп танылды ("Мемлекеттік жауапты лауазымды атқаратын адамның бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуы"). ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігі бойынша Б. да кінәлі деп танылды ("Аталған іс-әрекеттерге қолғабыс жасау"). Сот үкімімен Т. 10 жыл, Б. 5 жыл бас бостандығынан айырылды.
Апелляциядағы іс сотталған Т. адвокаттарының апелляциялық шағымдары бойынша қаралды, олар үкімнің күшін жоюды және сотталушыны ақтауды сұрады.
Нәтижесінде сот алқасы үкімді өзгерту немесе күшін жою, сондай-ақ апелляциялық шағымдар мен прокурордың апелляциялық өтініш хатының дәлелдерін қанағаттандыру үшін негіздер жоқ деген қорытындыға келді.
Атырау облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың Т мен Б-ға қатысты үкімі, апелляциялық шағымдар мен прокурордың апелляциялық өтініш хаты қанағаттандырусыз, яғни өзгеріссіз қалдырылды. Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі
2020 жылдың қыркүйегінде Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен құрылыс басқармасының бастығы 182 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды.