Қайрат Боранбаев Қазақстаннан қашу туралы ойы болмағанын айтты
Сарыарқа ауданының №2 сотында "АзияГазЧунджа" ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановтың, сондай-ақ Qazaq Gaz АҚ басқарма төрағасының экс-орынбасары Тайыр Жанұзақтың үстінен қозғалған қылмыстық іс қаралып жатыр. Сотталушыларға 14,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды (жылыстату) деген айып тағылған еді.
Сот отырысының үзілісі кезінде Қайрат Боранбаев журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Журналистер одан Қазақстаннан қашып кетпек болған кезде ұсталғаны туралы БАҚ-та жарияланған ақпараттың рас-өтірігін сұрады.
"Бұл – жалған ақпарат, өйткені мен сол кезде жиналыста болдым, мені сағат 17:00-де қамауға алды, ол күн әдеттегі жұмыс күні болатын. Иә, ұшып кету жоспарымда болған, бірақ рейс түнгі 02:00-де еді. Қашуға тырысқан жоқпын. Мен осы жақта туып-өстім, әкем осында жерленген, кәсібім де осында, қайда қашам? Түнгі 02:00-дегі рейске мен бір ай бұрын дайындалдым, Ригаға ұшуым керек еді, менің онда девелопер жобам бар". Қайрат Боранбаев
Сондай-ақ ол сотта тағылған айыпты толық мойындамайтынын мәлімдеді.
"Айыптың мәні түсініксіз. Ол әлсіз, бізді немен айыптап жатқанын түсінбедік. Егер маманның қорытындысы бойынша, ол кәсіпорынға зиян келгенін көрсетпеген, бағадағы айырмашылық болса, онда бұл – абсурд. Мен кінәмді мойындамаймын". Қайрат Боранбаев
Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев ұсталып, қамауға алынғаны туралы ақпарат 2022 жылғы 17 наурыз күні тарады. 26 желтоқсанда Қаржылық мониторинг агенттігі "АзияГазЧунджа" ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановты, сондай-ақ Qazaq Gaz АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақты және осы іске қатысы барларды тергеуді аяқтады.
30 желтоқсан күні Астанада Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша сот отырысы басталды.
Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа 14 миллиард 565 миллион 318 мың теңге көлеміндегі мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылды.