Жаңалықтар тізбегі
0

Алдағы жылы Қазақстаннан қажылыққа неше адам бара алады

Алдағы жылы Қазақстаннан қажылыққа неше адам бара алады, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.12.2023 17:23 Сурет: Zakon.kz
2024 жылы қажылыққа бару талаптарына өзгерістер енгізілгені белгілі. Оған сай, алдағы жылы қасиетті парызды орындауға ниет білдірген адамдар биылғы желтоқсан айының соңына дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп үлгеруге тиіс.

Бұдан былай елімізде қажылық сапары бойынша 17 туристік фирма ғана қызмет көрсетеді. Бұған қазақстандықтардың биылғы қажылық сапары кезінде басы дауға қалғаны себеп болып отыр. Бұл туралы АПН хабарлады.

Еске салсақ, биыл "ZamZam Qazaqstan" қажылық компаниясы арқылы үлкен қажылыққа аттанған 380 адамның визасы жалған болып шыққан.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталған оқиғаға дейін де "Zam-Zam Qazaqstan" компаниясының қажыларға қызмет көрсетуге қатысты тиісті лицензиясы, осы жылғы ресми қажылық туроператорлары тізімінде жоқ екенін, сол себепті аталған фирманың қызметіне мүлдем жүгінбеу керектігі туралы бірнеше рет дабыл қаққан еді. Сонымен қатар, мүфтият қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталған компанияның заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірген.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сенімді, ресми рұқсаты бар компанияларға жүгінуді сұрады.

"Қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажеттігін тағы да қаперге береміз. Сонымен қатар, "ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады" деп жала жапқан "Zam-Zam Qazaqstan" компаниясының директоры Данияр Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінімізді жеткіземіз. Олар Алла алдындағы парызын өтеймін деп келген қажыларға қиянат жасады", - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Бұдан былай осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында қасиетті парызды өтеудің ережесіне өзгеріс енді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сауд Арабияның Қажылық және ұмра министрлігі алдағы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10 мың орын ұсынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ олардың талабы бойынша биыл қажылыққа арналған орындар желтоқсан айының соңына дейін толық тіркелген елдерге ғана берілмек. Яғни, жыл соңына дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне, яғни, қонақ үй, Мина мен Арафат қызметтеріне қаражатын төлеген кісі санының көлеміне сай Қазақстан азаматтары үшін қажылық орындарының саны айқын болмақ.

Сонымен қатар 2024 жылы отандастарымызға қажылық сапары бойынша 17 туроператор ғана қызмет көрсетуге құқылы. Яғни, іріктелген 17 туристік фирма қажылардың қауіпсіздігіне, қонақ үй және тасымалдауға қатысты қажеттіліктер мен құжаттарды рәсімдеуге міндеттеледі. Алдын ала тіркелген азаматтар қандай да бір жағдаймен қажылыққа бара алмайтын болса, келісімшарт бойынша орнына басқа адамды жіберуге немесе қаражатты қайтарып алуға құқылы.

"Келісімшарт түзеді. Келісімшарт түзген кезде оның шарттары көрсетіледі. 15 күн қалған кезде қаражаттың белгілі бір пайызы қайтарылады. 10 күн қалған кезде тіпті қайтарылмайды дегендей көрсетіледі. Өйткені 10 күн қалған кезде виза беретін порталдар жабылып қалады. Сіздің орныңызға басқа адамды жіберу мүмкіндігі болмай қалады. Сол кезде ғана қаражат қайтарылмайды. Ал оған дейін орынға басқа адамды жіберу мүмкіндігі болып тұрған кезде қаражат толық кайтарылады", – деп түсіндірді ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділла Бекжігітов.

Желтоқсан айының басында "Қажылық-2024" маусымын ұйымдастыру, қажылықтың жаңа талаптарын жан-жақты насихаттауға байланысты еліміздің туристік компанияларымен арнайы жиын өтті. Оған ҚМДБ Қажылық бөліміне жауапты қызметкерлер мен қажылық маусымын ұйымдастыруға рұқсат алған 17 туроператор басшылары мен өкілдері қатысты. Жиында наиб мүфти Ершат Оңғар үлкен қажылық сапарын ұйымдастыруда Сауд Арабия Корольдігі Қажылық және ұмра министрлігінің белгілеген талаптары мен шарттары толық сақталып, көрсетілген мерзімдерге сәйкес жұмыс атқарылуы қажет екенін атап өтті.

Жалпы қажылық визасы – заман талабына сай әрі көпшіліктің мүддесі мен қажеттіліктеріне орай Сауд Арабия Королдігінің қойған талабы және заңы. Бұл мұсылмандардың мүддесі үшін қабылданған шара.

Мәселен, әлемде екі миллиардқа жуық мұсылман бар екенін ескерсек, оның шамамен 60 миллионына (жағдайы жеткендерге) қажылық жасауға рұқсат етілсе, онда әл-Харам мешіті, Арафат тауы, Мина жазығы сынды қажылық рәсімін орындайтын жерге адам сыймай кептеліске ұшырап, қажыларға лайықты қызмет көрсетілмей қалады. Оның салдары қажыларға үлкен зиян тигізумен қатар, қайғылы жағдайдың орын алуына да апаруы мүмкін. Сол үшін Сауд Арабия мемлекеті қажылықты тек рұқсатпен (визамен) ғана орындауға арнайы заң қабылдады. Мұның негізгі мақсаты қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрі бір-біріне зиян тигізбейтіндей етіп құлшылықтарын атқарту.

Сонымен қатар Сауд Арабия мемлекеті Қажылық және ұмра министрлігі әр мемлекетке берілген квотаға сәйкес, қажылардың тұрақтайтын орнын, ішіп-жейтін асын, жүретін көлігін есептеп, әзірлейді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: