Қазақстанда медтуризмге деген көзқарас өзгеруде: шетелдіктерге қызмет көрсететін толық сервис құрылады
Сурет: t.me/DenMinPR
Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға дейін шетелдік пациенттерге "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсетудің заманауи жүйесі іске қосылмақ. Жаңа жүйе шетелдік пациенттерге алғашқы өтініш берген сәттен бастап емдеу аяқталып, кейінгі медициналық бақылауға дейінгі толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Бірыңғай сервис арқылы пациенттер Қазақстан медицинасының мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, медициналық ұйымды таңдай алады, қажетті құжаттарды рәсімдейді, консультация алады, келуін, орналастырылуын ұйымдастырып, емдеудің барлық кезеңінде сүйемелдеуге қол жеткізеді.
Медициналық туризмнің жаңа моделін іске асыру шеңберінде жеті негізгі міндетті жүзеге асыру жоспарлануда.
Атап айтқанда, ұлттық және өңірлік деңгейлерде медициналық туризмді үйлестірудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру, бірыңғай нормативтік талаптарды әзірлеу, медициналық көмектің жоғары сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті медициналық қызметтер топтамасын айқындау, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыру және медициналық ұйымдарды ынталандыру тетіктерін қалыптастыру көзделген.
Министрліктің мәліметінше жаңа модель шетелдік азаматтардың Қазақстанда медициналық көмек алу үдерісін барынша ыңғайлы әрі түсінікті етеді, отандық денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, медициналық қызметтер экспортын ұлғайтады, қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді және Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік медициналық хаб ретіндегі позициясын нығайтады.
Нысаналы көрсеткіш ретінде 2030 жылға қарай Қазақстанға медициналық көмек алу мақсатында келетін шетелдік азаматтардың жыл сайынғы ағынын 800 мың адамға дейін жеткізу белгіленген.