Вьетнамға барып келгеннен кейін ТМД туристері шетінен ауыра бастаған
Фото: zakon.kz
SHOT Telegram арнасының мәліметінше, ауру ошағы Вьетнамның курортты қалаларының бірі – Нячангта тіркелген. Әлеуметтік желіде баланың ауруханаға жатқызылғаны жазылған. Жергілікті дәрігерлер курортта осындай бірнеше жағдайдың анықталғанын, бірақ олар вирус түрін анықтай алмай жатқанын мәлімдеді.
Тағы бір турист – 39 жастағы мәскеулік әйел үш аптадан бері қатты жөтеліп жүргеніне шағымданған. Дәрігерлер де оған нақты диагноз қоя алмаған.
Туристер вирус ауа желдеткішіндегі микробтардың кесірінен тарауы мүмкін деген пікірде. Бұл жайтқа қатысты Ресей туриндустриясы одағы (РТО) Вьетнамдағы ресейліктер арасында белгісіз вирустың таралуы туралы ақпаратты жоққа шығарып, мәлімдеме жасады.
"Вьетнамдағы ресейлік туристерден ауру бойынша жаппай шағымдар түскен жоқ. Сақтандыру компаниялары да жаппай шағымдарды тіркемеді", делінген РТО мәлімдемесінде.
Бұған дейін Австралияда маса шағып, сирек кездесетін вирус жұқтырған турист көз жұмғаны хабарланған.