Қазақстанда жиналатын импорттық кеден бажы бұрынғыдай доллармен есепке алынады
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта мүше мемлекеттердің бір-бірінің бюджетіне импорттық кедендік баждарды жинау және өзара аудару бойынша міндеттемелері көзделген. Бұл тетік әрбір мемлекетте біркелкі және мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды: үшінші елдерден келіп түсетін тауарлардан ұлттық валюталарда импорттық баждардың сомаларын жинау; импорттық баждардың келіп түскен сомаларын белгіленген коэффициенттерге сәйкес бөлу, оны АҚШ долларына айырбастау және оларды кейіннен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге жіберу, делінген primeminister.kz сайтында.
Ресей Федерациясына салынған санкцияларға байланысты мүше мемлекеттердің кедендік әкелу баждарын Ресей Федерациясы мен Беларуське доллармен аударуы мүмкін емес.
Келіссөздер қорытындысы бойынша қазақстандық нұсқа қолдау тапты: Ресей Федерациясына және Беларусь Республикасына кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу үшін Ұлттық жөнелтуші банктердің бағамы бойынша Ресей рублі пайдаланылатын болады. Қазақстан Республикасына, сондай-ақ Армения Республикасына және Қырғыз Республикасына жиналатын импорттық кедендік баждар бұрынғыдай АҚШ долларымен бөлінеді және есепке алынады.