Сағынтаев: Алматы мәңгі менің жүрегімде
Бүгін мен өз лауазымымды жаңа әкімге тапсырамын. Осыдан тура 720 күн бұрын президент маған Алматы әкімдігін басқаруды сеніп тапсырды. Бұл үшін мемлекет басшысына ризамын. Бақытжан Сағынтаев
Қала халқына жолдаған үндеуінде бұрынғы әкім алматылықтармен бірге болғанын, қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерін арнағанын айтты.
Ұзақ мерзімді «Алматы-2050» стратегиясын қабылдап, қаланы дамытудың келешегін айқындадық. Президенттің «Шетсіз қала» қағидаты негізінде қалаға қосылған аудандардың түйткілді мәселелерін шешуге баса назар аударып, «Жаңа Алматы» кешенді бағдарламасын қабылдадық.Бақытжан Сағынтаев
Сағынтаев әкім болып тұрғанда әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Алматыны агломерация ретінде дамыту және облыстың қаламен шектесетін 4 ауданында жұмыс орындарын құру жұмысын күн тәртібіне қойғанын атап өтті.
Сондай-ақ ол денсаулық сақтау және білім беру сынды салалар да назардан тыс қалмағанын айтып өтті.
Денсаулық сақтау жүйесі нығайтылды. Бір жылдың ішінде ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 3 жұқпалы аурулар ауруханасын іске қостық. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысқа жол берілмеді. Мектептерді жедел салу бағдарламасын қолға алдық. Тек 2021 жылы 33 жаңа мектеп салынды. Бұл – мектептердегі орын тапшылығын азайтуға бағытталған түбегейлі қадам болды. Бақытжан Сағынтаев
Алматының экс-әкімі экологияны жақсарту үшін жүйелі екі шешім қабылданғанын, яғни миллион ағаш отырғызу және екінші ЖЭО-ны газға ауыстыру жұмыстары жүргізілгенін еске салды.
Ойын қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев алматылықтарға алғысын білдірді.
Менің әрбір жұмыс күнім сіздердің көз алдыларыңызда өтті. Өздеріңізбен әрдайым кездесіп, ақылдасып отырдық. Апта сайын Akimat Live тікелей эфиріне шықтым. Атқарылған шаралар туралы үнемі хабардар болдыңыздар. Бірге атқарылған жұмыс үшін алматылықтарға алғыс айтамын! Қаламызға және барша алматылықтарға бақытты ғұмыр тілеймін! Алматы мәңгі менің жүрегімде.Бақытжан Сағынтаев
31 қаңтар күні президент жарлығымен Бақытжан Сағынтаев қызметінен босатылды.
Тоқаевтың Жарлығымен оның орнына Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.