АҚШ-тағы әуе шоуында екі ұшақтың соқтығысуынан алты адам қаза тапты
13 қарашада авиашоу кезінде Екінші дүниежүзілік соғыстың жойғыш ұшағы мен бомбалаушы ұшағы көрерменнің көзінше соқтығысты, деп хабарлайды Daily Mail.
Алдын ала мәлімет бойынша, истребитель ұшу-қону жолағына жоғары жылдамдықпен бұрылыс жасап, басқарудан айырылып, бомбалаушы ұшаққа соқтығысқан. Соққыдан кейін екі ұшақ та бөлініп, бірнеше секундтан кейін жерге құлап, өртеніп кеткен.
Апат кезінде истребительдің ұшқышы мен бомбалаушы экипажы қаза тапты, шоуға келушілер арасында ешкім зардап шеккен жоқ.
Шоуды ұйымдастырушылардың айтуынша, ұшақты басқаруда тәжірибелі ұшқыштар болған. Ал ұшақтың өзі жақсы жағдайда және әуе шерулеріне үнемі қатысып тұрған. Қазір тергеуде апаттың себептеріне қатысты ешқандай нұсқа жоқ.
Даллас округінің судьясы Клэй Дженкинс Twitter-де құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын, қайтыс болғандардың денесін анықтап жатқанын жазды.