Түркияда жылжымайтын мүлік бағасы қатты қымбаттап жатыр
Үй жалдайтындарға да оңай соқпай тұр. Пәтер иелері түрлі сылтауларды айтып, үйлерін босатып жатыр. Қалтасы қалыңдау тұтынушыларға жалға беруге асық. Британиялық жылжымайтын мүлік жөніндегі консалтингтік компаниясы 56 мемлекеттің 150 шаһарындағы пәтер бағасына сараптама жасады. Оған сәйкес, Түркияның үш бірдей қаласындағы үй құны еселеп өскен. Атап айтқанда, Анкарада пәтер бағасы 135,6%, Измирде 133% ал Ыстамбұлда 127,3% шарықтаған. Түркия орталық банкінің үй бағасы индексі деректері бойынша, елде 100 шаршы метрлік үйдің орташа бағасы 2,5 миллион лира. Яғни теңгеге шаққанда 43 миллион, деп хабарлайды "Хабар 24".
Тұрғын үй бағасының күрт өсуіне ақпан айында елдің оңтүстік-шығысында болған жер сілкінісі мен инфляция әсер етіп отыр. Сондай-ақ құрылыс материалдары да қымбаттады. Тағы бір себебі...
"Түркияға шетелден көшіп келгендер көп. Үй бағамына әсер етуші басты факторлардың бірі де осы. Үйдің санына қарағанда сұраныс артты. Жалға берушілер де бағаны көтерді". Жылжымайтын мүлік агенті Хусейн Сыр
Нарықтағы бұл жағдайды реттеу үшін үкімет шұғыл шараларды қолға алды. Жеңілдетілген несие енді тек алғашқы пәтерін алушыларға ғана берілмек. Ал екінші және үшінші үйін алушылар банктен 22,5% пайызбен ипотека алуға өтініш білдіре алады.
"Ең көп сынға ұшыраған автокөлік нарығында бағалар тұрақталды. Жылжымайтын мүлік және жалға беру нарығы да жақын арада орнына келеді. Әсіресе, кейбір өнімдерге деген ашкөздіктен туындаған баға орнығып, тұрғындардың көңілі жай табарына сенемін". Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған
Жалға алу және беру мәселесі де өзекті. Әсіресе, көршілес елдерден келген көш толқыны жалға беру құнының күрт көтерілуіне алып келді. Жергілікті билік бағамның жөнсіз өсімін бақылау үшін жылына 25% дейін ғана көтеруге рұқсат етті. Дегенмен, 25% өсімді аздық еткен пәтер иелері, әртүрлі себепті сылтаулатып жалға алушыларды үйден шығарып, жоғары бағамен басқа клиенттерді алуға тырысуда. Заң білетіндері үй иелерімен соттасып жүр.