Индонезияда жанартау атқылауынан қаза тапқандар саны 23-ке жетті
Индонезиядағы жанартау атқылауынан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен туристерді іздеуге шыққан құтқарушылар тағы бірнеше адамның мәйітін тапты. Әзірге барлығы 23 адам қаза болғаны анықталды.
Жексенбі күнгі жанартау атқылауынан кейін 50-ден астам альпинист құтқарылды, бірақ Марапи тауынан түтін мен күл қайта шыға бастағандықтан, дүйсенбі күні іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Атқылап жатқан кезде жанартауға 75-ке жуық адам көтерілген.
Батыс Суматра провинциясы полиция бастығының орынбасары Эди Мардианто сейсенбіде жанартау атқылаған жердің маңында бес альпинистің мәйіті табылғанын, тағы 18 адам қайтыс болды деп болжанып отырғанын айтты.
"Олар тірі қалмаған шығар деп болжап отырмыз", - деді ол.
2023 жылғы 4 желтоқсан күні Индонезияда Марапи жанартауының атқылауы салдарынан 11 турист қаза тауып, тағы 12 адам із-түзсіз жоғалып кеткенін жазған едік.