Американдық төрт жыл бойы әкесінің мәйітін мұздатқышта ұстаған
KNXV-TV басылымының мәліметінше, Темпе қаласының полициясы тұрғындардың бірінің үйінің аумағында адам қалдықтары бар екендігі туралы жасырын ақпарат алған. Құқық қорғау органдары аталған мекен-жайға келгенде, 51 жастағы үй иесі оларды аулаға кіргізгенімен, мұздатқышты ашудан бас тартқан.
Тінтуге санкциясы жоқ полицейлер жұмысын осы жерден тоқтатып, көп ұзамай арнайы қағаздармен келіп, аумақты тексерген. Осылайша ауладағы мұздатқыштан мәйітті тапқан. Белгілі болғандай, мұздатқыш соңғы бірнеше ай бойы өшіп тұрған.
Үй иесі төрт жыл бойы әкесінің денесін сақтағанын мойындады. Ол "оны үй учаскесіне немесе шөлге көмгісі келген", алайда әрекет етпеді. Сонымен бірге, ер адам әкесінің көз жұмғанын билікке хабарламаған және 2023 жылға дейін оған тиесілі әлеуметтік төлемдерді алып отырған.
Оның өлім туралы хабарламағаны және сүйектерді жасырғаны үшін қамауға алынғаны белгілі болды.
Бұған дейін Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында қараусыз ғимараттан жаңа туған сәбидің денесі табылғаны хабарланған болатын.