Ресейде түннің қара суығында шақалағын көшеге қалдырып кеткен әйел сотталды

Ресей Тергеу комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы 4 наурызда түнде әйел өзінің пәтерінде ұл баланы дүниеге әкеліп, оны қажетсіз деп шешіп, шақалақтан құтылмақ болған.
Ол түннің қара суығында нәрестені көрпеге орап, тұрғын үйдің кіреберісіндегі орындыққа қойып кеткен. Абырой болғанда, баланы сол маңнан өтіп бара жатқан адам байқап қалып, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер сәбиді ауруханаға жеткізіп, өмірін сақтап қалды.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары баланың анасын анықтау үшін оның ДНҚ үлгісін алып, геномдық ақпарат базасымен салыстырды. Нәтижесінде, бұған дейін бірнеше рет сотталған, алты баласынан ата-ана құқығынан айырылған әйелмен сәйкестік табылды.
Әйел өз кінәсін мойындап, баланы босанғаннан кейін бірнеше сағат бойы не істерін білмей, ақырында оны көшеде қалдыруға шешім қабылдағанын айтты.
Осыған ұқсас жағдай 2025 жылғы 5 мамыр күні Қазақстанда да тіркелді. Онда Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданына қарасты Бесшоқы ауылында тұрғын үйлердің бірінің терезесінің жанынан жаңа туған сәби табылды. Оқиға таңғы сағат 09:30 шамасында орын алған.