Үш ел Украинаға 500 миллион доллар көлемінде көмек жинады
Сурет: Facebook/zelenskyy.official
НАТО баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 тамызда Дания, Норвегия және Швеция Украинаға арналған құны 500 миллион доллар болатын жаңа көмек пакетін ұсынатынын мәлімдеді.
Пакетке Украинаға арналған техника мен оқ-дәрілер кіреді. Бұл көмек АҚШ тарапынан НАТО-ның жаңа бастамасы – Priority Ukraine Requirements List (PURL) аясында жеткізіледі.
Солтүстік Еуропа елдерінің бұл шешімі Нидерланд бастамасынан кейін қабылданды. Нидерланд – PURL бағдарламасы аясында көмек пакетін толық қаржыландырған алғашқы НАТО мүшесі болды.
Жалпы алғанда, бұл жарналар 1 миллиард доллардан асады және Украинаға жүйелі түрде жеткізілетін алғашқы екі кезеңнің бөлігі болып табылады.
"Бұл Америка мен Еуропа арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейту үшін басқа НАТО елдеріне жақсы үлгі болады", – деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский өзінің Telegram-арнасында.
Альянс сайтында хабарланғандай, PURL бағдарламасы Украина үшін басым деп танылған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді жүйелі жеткізуді көздейді. Әрбір көмек пакеті шамамен 500 миллион доллар тұрады.
Бұған дейін Зеленский мен Трамп телефон арқылы сөйлескен болатын.