Әлемдегі ең арзан металл белгілі болды
Сурет: pixabay
"Известия" басылымының мәліметінше, бұл туралы Гайдар институтының халықаралық үздік тәжірибелерді талдау зертханасының меңгерушісі Антонина Левашенко айтқан.
"Әлемдік нарықта сатылатын ең арзан металл – қорғасын. Оның бағасы бір тоннасына шамамен 1 800–1 990 доллар аралығында", – деді ол.
Бағаның төмендеуі негізгі тұтыну салаларында сұраныстың азаюымен байланысты. Атап айтқанда, аккумулятор батареяларын өндіру мен автомобиль өнеркәсібінде қорғасынға сұраныс төмендеген. Бұл салаларда оның орнына никель мен литий қолданыла бастады.
Қорғасын сонымен қатар ғимараттарды қорғау, медициналық жабдықтар (соның ішінде рентген құрылғылары) жасау және бояу өндірісінде пайдаланылады. Пигменттер өндірісі бұл металды тұтынудың шамамен 5%-ын құрайды.
Металл қорғасын-мырыш және полиметалл кендерін өндіру кезінде алынатын концентраттардан өндіріледі. Әлемдегі ең ірі өндіруші ел – Қытай, оның үлесі 42,3%-ды құрайды. Сондай-ақ үздік бес елдің қатарына Австралия (10,2%), Перу (5,9%), АҚШ (5,8%) және Ресей (5,4%) кіреді.
Ең ірі қорғасын кен орындары Ресей, Қытай және Австралия аумақтарында шоғырланған.
Бұған дейін Қытайда бірден үш қаланы қосқан 55 шақырымдық алып құрылыс салынғанын жазғанбыз.