Қазақстандық туристер жиі баратын елдер Эбола індетіне байланысты кіру талаптарын күшейтті
Фото: unsplash
"24.kz" телеарнасының ДДҰ деректеріне сілтеме жасап хабарлауынша, күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірден 11 ел кіру талаптарын күшейткен.
Халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай жарияланғаннан кейін бірқатар мемлекеттер шекаралық шектеулерді қатаңдатты. АҚШ, Канада, Үндістан, Таиланд, Кения, Мексика және өзге де елдер Конго, Уганда және Оңтүстік Судан тұрғындарының кіруіне шектеу енгізіп, шетелден келушілерге қатысты карантиндік әрі медициналық бақылауды күшейтті.
ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус вирустың таралуына қарсы күресті Конгоның шығысындағы қайта жанданған қарулы қақтығыстар қиындатып отырғанын айтты.
Сондай-ақ ұйым өкілдері бұл вирус штаммына қарсы әзірге вакцина да, тиімді емдеу тәсілі де жоқ екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Африка дәрігерлері Эбола індетінің бақылаудан шығып бара жатқанын хабарлаған болатын.