Биньямин Нетаньяхуға халықаралық іздеу жарияланды
Сурет: wikipedia
Bengü Türk мәліметінше, сот Нетаньяху мен аталған істе төбе көрсететін басқа да адамдарды ұстауға санкция берді. Соңғы отырыста сот алқасы бірауыздан халықаралық іздеу жариялауға сұрау салуды рәсімдеу туралы қаулы шығарды.
Аталған іс Ыстамбұл прокуратурасының тергеуімен байланысты. Айыптау қорытындысында айыпталушыларға адамзатқа қарсы қылмыстар, геноцид, мүлікке қасақана зиян келтіру, тонау, денсаулыққа зиян келтіру және қатыгездік жасау сияқты бірқатар ауыр баптар бойынша айып тағылатыны айтылады.
Сонымен қатар, тағылған айыптардың ішінде көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау, кемелерді басып алу немесе ұстау және адамдарды заңсыз бас бостандығынан айыру жайы да көрсетілген.
Түрік тарапының мәліметі бойынша, прокуратура айыпталушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру сияқты қатаң жазаларды талап етуде.
"Сумуд флотилиясы" (арабша "сумуд" - табандылық) - бұл 60-қа жуық кемені қамтитын ауқымды халықаралық азаматтық бастама, оның мақсаты - Израильдің Газа секторындағы теңіз блокадасын бұзу және гуманитарлық көмек жеткізу.
Бұған дейін Израиль әскері ХАМАС-тың қару-жарақ өндіретін нысанына соққы жасағанын мәлімдеген болатын.