Қолтырауындар мекендейтін өзенде олимпиада жарыстары өтеді
Сурет: pexels
ABC мәліметінше, 2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының бір бөлігі Австралияның Рокгемптон қаласында өтеді. Алайда ескек есу және каноэдағы спринт жарыстарын өткізуге қатысты пікірталастар туындаған. Себебі жарыстар өтетін Фицрой өзені қолтырауындар мекендейтін аумақ.
Сарапшылардың бағалауынша, өзенде шамамен 500 жыртқыш бауырымен жорғалаушы бар.
Соған қарамастан Ойындардың инфрақұрылымы мен үйлестіру жөніндегі тәуелсіз орган (Games Independent Infrastructure and Coordination Authority, GIICA) және WaterProof Marine Consultancy and Services B.V. (WaterProof) компаниясының мамандары Фицрой өзеніне кешенді техникалық бағалау жүргізді.
Бағалау барысында өзен арнасы мен жарыс өтетін бағыт егжей-тегжейлі зерттеліп, ағыс пен су деңгейіне талдау жасалды. Сондай-ақ ойындар кезінде және оған дейінгі кезеңде ауа райының түрлі жағдайлары мен су тасқыны қаупі модельденді. Тексеру қорытындысы бойынша өзен жарыстар өткізуге қолайлы деп танылды.
Бұдан бөлек, қолтырауындар анықталған жағдайда қолданылатын арнайы қауіпсіздік хаттамалары әзірленді.
Ал Австралияның басқа бір қаласында жасөспірімдер хайуанаттар бағына заңсыз кіріп, қолтырауынға шабуыл жасаған. Жыртқыш жануар жеңіл, үстірт жарақат алған. Хайуанаттар бағында жануардың жағдайы жақсарып келе жатқанын және ветеринарлардың бақылауында екенін хабарлады.