Еуропалық әуе компаниясының басшысы билет бағасы өсетінін болжады
Фото: Zakon.kz/Ксения Калашникова
ITV.news жазуынша, О’Лири 2027 жылдың жазына қарай Ryanair және басқа да әуе компаниялары жолаушылары үшін билет бағасы қымбаттайды деп болжайды. Оның айтуынша, әскери қақтығыстар мұнай бағасына әсер етіп отыр. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) дерегіне сәйкес, өткен аптада авиаотынның әлемдік орташа бағасы алдыңғы аптамен салыстырғанда 7,4%-ға өсіп, барреліне 194,90 доллар болды.
"Биыл бізде мұнай бағасы барреліне шамамен 80 доллар деңгейінде бекітілген деуге болады. Егер келесі жылға барреліне 100 доллар бағамен хеджирлеу келісімшартын жасасақ, жанармайға жұмсалатын шығынымыз 25%-ға өседі", – деді әуе компаниясының басшысы.
Ryanair – 1984 жылы құрылған ирландиялық лоукостер. Ол Еуропадағы ең ірі бюджеттік әуе компаниясы саналады. 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша компания 232 бағытта рейс орындайды. Оның бесеуі – Ирландия ішіндегі, ал 227-сі Еуропа, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс елдеріне қатынайтын халықаралық бағыттар.
Бұған дейін Ryanair мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталса, осы қыста кейбір бәсекелес компанияларға рейстер санын сақтау, тіпті қызметін жалғастыру қиынға соғуы мүмкін екенін ескерткен.
2026 жылғы 21–25 қыркүйек аралығында Қазақстанда АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) IASA бағдарламасы аясында ұшу қауіпсіздігіне халықаралық бағалау жүргізіп жатыр. Бұл – Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға бағытталған жұмыстың бір кезеңі.