92 жастағы зейнеткер велосипедтің көмегімен мүгедектер арбасынан тұрды
Сурет: pexels
The Guardian басылымының жазуынша, Онтарио провинциясындағы Ватерлоо қаласының тұрғыны Артур Пламмер 65 жасында зейнетке шығып, қолданыста болған велосипед сатып алып, қарт адамдарға арналған жергілікті велоклубқа қосылған.
Ол кезде Артур клубтағы ең жас қатысушылардың бірі болған. Ал бүгінде 92 жасында қауымдастықтың ең қарт мүшесіне айналды. Алайда ол жасына қарамастан велосипед тебуді тоқтатпақ емес. Жыл басынан бері оның велокомпьютері 4270 шақырымды көрсеткен.
Пламмердің өмірінде ревматикалық полимиалгия салдарынан қалыпты жүріп-тұру қабілетінен айырылып, мүгедектер арбасына таңылған кезең де болған. Алайда сүйікті хоббиі оның қайтадан белсенді өмірге оралуына себеп болды.
"Мен кіреберістегі жолда арбада отырып, өтіп бара жатқан адамдарға қарап, өзімді тұзаққа түскендей сезіндім. Сол кезде "Мен жүре алмаймын, бірақ велосипедке отыра алсам, жүре аламын ғой!" деп ойладым. Сөйтіп, велосипедке отырдым. Әр сапар маған керемет еркіндік сезімін сыйлап, денемді жақсы қалыпта ұстауға көмектеседі", – деді зейнеткер.
Ол қазір жасына байланысты қауіпті хоббилерден бас тартқан. Мысалы, канадалық 90 жасында сүйек сыну қаупіне байланысты тау шаңғысымен сырғанауды тоқтатқан. Алайда велосипед тебуді тастауды жоспарлап отырған жоқ.
Велосипедпен жүрген жылдары ол көлікпен соқтығысып қалғанына қарамастан, үйінің айналасындағы шамамен 260 шаршы шақырым аумақтың барлық дерлік бұрышын аралап шыққан.
Қазір зейнеткер қалалық пәтерде тұрады. Ал көміртекті пластиктен жасалған велосипедін төсегінің жанындағы жатын бөлмесінде сақтайды. Ол велосипедін өзінің "ең жақын досы" әрі бір команданың мүшесі деп атайды.