Америкалықтың мәйіті 7 жылға жуық мұздатқышта жатқан
Сурет: pexels
Alaska Public Media басылымының мәліметінше, Джуно полициясы бірнеше айға созылған тергеуді аяқтап, ер адамның әйелі Шерил Макдональд-Паскуан күйеуінің қайтыс болғанын жасырғанын және оның атына рәсімделген төлемдерді алып келгенін анықтаған.
Мәйіті табылған кезде 74 жаста болуы тиіс Паскуан 2026 жылдың шілдесіне дейін ай сайынғы зейнетақы төлемдерін алып отырған. Алайда оның нақты қай күні қайтыс болғанын анықтау мүмкін болмады. Полицияның болжамынша, ер адамның мәйіті 2018-2025 жылдар аралығында мұздатқышта жатқан болуы мүмкін.
Ер адамның мәйіті 19 шілдеде ерлі-зайыптылар тұрған Switzer Village Mobile Home Park тұрғын үй кешеніндегі үйдің жанындағы сарайдан табылды. 2025 жылдың шілдесінде Макдональд-Паскуан қатерлі ісіктен қайтыс болғаннан кейін үйді тазалаумен айналысқан адам полицияға брезентке оралған, адам мәйітіне ұқсайтын зат туралы хабарлаған.
Тергеушілер мәйіттің мұздатқышқа нақты қалай түскенін анықтай алмады. Сондай-ақ полиция Макдональд-Паскуанға күйеуінің өлімін жасыруға немесе оның төлемдерін алуға біреудің көмектескенін дәлелдейтін айғақ таппады.
Куәгерлердің айтуынша, әйел күйеуінің жоқтығын оның Джунодан тыс жерде орналасқан күтім мекемесіне ауыстырылғанымен түсіндірген.
Паскуанның қайтыс болғаны ресми түрде тіркелмеген. Сондай-ақ оның жоғалғаны туралы полицияға арыз түспеген.
Полиция Макдональд-Паскуан күйеуі қайтыс болғаннан кейін оның атына қанша көлемде төлем алғанын анықтай алмады. Тергеу аяқталды. Алайда жаңа маңызды ақпарат пайда болған жағдайда құқық қорғау органдары істі қайта қарауы мүмкін.