Екі жастағы қыздың асқазанынан 250 магнит алынды
Сурет: pixabay
Мәскеудегі Морозов балалар ауруханасының хирургтері көптеген магнит шарикті жұтып қойған екі жастағы қыздың өмірін сақтап қалды.
Мәскеу қаласының Денсаулық сақтау департаменті хабарлағандай, ата-анасы баланы қатты жөтелгендіктен ауруханаға жеткізген. Алайда тексеру барысында күтпеген әрі қауіпті жағдай анықталды: қыздың асқазанында көптеген металл зат жиналып қалған.
Магниттердің ішекке зақым келтірмегеніне көз жеткізу үшін дәрігерлер алдымен лапароскопия жасады.
"Іштің алдыңғы қабырғасындағы шағын тіліктер арқылы гастроэнтерологтер камера енгізіп, ішкі ағзаларды тексерді. Баланың ішегі зақымданбағаны анықталды", – делінген хабарламада.
Осыдан кейін дәрігерлер асқазандағы магнит шариктерді алуға кірісті.
Ашық ота жасаудың орнына хирургтер эндоскопиялық жабдықты қолданды. Арнайы құралдарды өңеш арқылы енгізіп, осылайша бөгде заттардың барлығын алып шықты.
Бұған дейін Оралда баланың бір келіге жуық шаш жеп қойғаны хабарланған болатын.