Такси жүргізушісі әйел киімін киіп, зейнеткерді тонаған
Фото: pexels
Газета.ru басылымының жазуынша, зейнеткер үйінде жалғыз отырған кезде пышақ ұстаған ер адам кіріп келген. Ол әйелдің мойнындағы алтын алқаны жұлып алып, қашып кеткен.
Жәбірленуші болған жағдайды күйеуіне айтып, екеуі дереу полицияға жүгінген.
Зейнеткердің айтуынша, шабуыл жасаған адам жасыл түсті киім киіп, бетін матамен тұмшалап алған. Сондықтан ол өзін тонаған адамды әйел деп ойлаған.
Полиция күдіктіні іздеу үшін үш арнайы топ құрған. Бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеру барысында оның кім екені анықталды. Күдікті такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін 35 жастағы Венкатеш Раджа болып шықты.
Ер адам қарыздарын өтеу үшін қылмысқа барғанын айтқан. Зейнеткер мен оның күйеуі азық-түлік дүкенін ұстаған, ал күдікті сол дүкенге жиі барып жүрген.
Ол әйелдің күндіз үйде жалғыз болатынын есепке алып, қылмысын сол уақытта жасаған. Қолды болған алтын алқаны сатып үлгергенімен, полиция оны тауып, иесіне қайтарған.
Бұған дейін Қарағандыда 68 жастағы зейнеткердің жинаған ақшасынан айырылып қала жаздағаны туралы жазған едік. Такси жүргізушісінің қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің көмегі арқасында әйелдің үш миллион теңгесі сақталып қалды.