Мадагаскар жағалауынан 300 жылдан кейін қазынаға толы кеме табылды

Мадагаскар жағалауынан 300 жылдан кейін қазынаға толы кеме табылды, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.11.2026 11:00 Сурет: pexels
Археологтар 1721 жылы қарақшылар басып алған португалиялық Nossa Senhora do Cabo кемесінің қалдықтарын тапқан болуы мүмкін. Кеме бағалы қазыналар тасымалдаған, деп хабарлайды Zakon.kz.

The Daily Galaxy басылымының жазуынша, кеме Үндістанның Гоа қаласынан Лиссабонға бағыт алған. Оның бортында Португалияның бұрынғы вице-королі, Гоа архиепископы, сондай-ақ алтын құймалары, інжу-маржан және басқа да бағалы заттар болған.

1721 жылғы 8 сәуірде кеме Реюньон аралының маңында қарақшылар шабуылына ұшыраған. Шабуыл жасағандардың арасында "Қаршыға" лақап атымен танымал капитан Оливье Левассер де болған. Қарақшылар кемені басып алғаннан кейін Мадагаскар жағалауындағы Нуси-Бураха аралына жеткізген. Ол кезде бұл арал қарақшылардың паналайтын орны болған.

Батып кеткен кемені іздеу жұмыстары 1999 жылы басталып, кейін тоқтап қалған. Арада жылдар өткен соң археологтар іздеу жұмыстарын қайта жалғастырған. Зерттеу жұмыстары жалпы алғанда шамамен 16 жылға созылған.

Зерттеушілер кеменің ағаш бөлшектерін, діни мүсіншелерді, піл сүйегінен жасалған бұйымдарды, араб жазулары бар алтын тиындарды және фарфор сынықтарын тапқан. Теңіз түбінен барлығы 3,3 мыңнан астам жәдігер көтерілген.

Қазына жүгінің қазіргі бағамен есептегендегі құны 138 миллион доллардан асады (шамамен 61 млрд 661 млн теңге).

Ғалымдардың пікірінше, тарихи құжаттар мен табылған жәдігерлер кеменің кімге тиесілі екенін растауы мүмкін. Алайда оның нақты Nossa Senhora do Cabo кемесі екені әзірге түпкілікті анықталған жоқ.

Кемедегі адамдардың кейінгі тағдыры да белгісіз. Атап айтқанда, кемеде Мозамбиктен шыққан 200-ге жуық құл болған. Қарақшылар шабуылынан кейін олардың не болғаны әзірге анықталмады. Зерттеушілер алдағы уақытта бұл сұраққа жауап табуға үміттенеді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: