Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты ең алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлаудағы жеңісінің 30 жылдығымен құттықтап, оның басшылығымен Қазақстан керемет табыстарға қол жеткізгенін, ал осы жылдар бойы жиған тәжірибесі әлі де халықаралық істерде сұранысқа ие болатынын атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ресей президентінің құттықтау жеделхаты Кремль сайтында жарияланды.
"Ел басшылығы тізгінінде болған жылдарыңыз қазіргі Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу кезеңіне тұспа-тұс келді. Сіздің басшылығыңызбен елдің экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және басқа да салаларында тамаша табыстарға қол жеткізілді, Қазақстан әлемдік аренада жоғары беделге ие болды", — делінген құттықтауда.
Ресей мен Қазақстан қорғаныс саласындағы серіктестік бағдарламасына қол қойылды.
Путин Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей-Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды құруға, дамытуға, сондай-ақ посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық процестерді және ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ сынды басқа да құрылымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты бір жолға қоюға қосқан жеке үлесі өлшеусіз екенін атап өтті.
"Сіздің мемлекеттік қайраткер ретіндегі мол тәжірибеңіз, мол біліміңіз, саяси даналығыңыз бен көрегендігіңіз алдағы уақытта да Қазақстанның өз ішінде, сол секілді халықаралық істерде де сұранысқа ие болатынына күмәнім жоқ", — деп толықтырды сөзін Ресей басшысы.
Ресей президенті арадағы жақсы қарым-қатынастарын шын жүректен жоғары бағалайтынын және достық байланысты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Ол Назарбаевқа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт, табыс тіледі.