Сапардың бірінші күні М. Тілеуберді мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Сыртқы істер, Достастық және даму министрі Джеймс Клеверли Қазақстан-Британия Стратегиялық диалогының 6-шы отырысын ашты. Отырысқа Қазақстан мен Ұлыбританияның бейінді министрліктері мен ведомстволарының өкілдері де қатысты. Жеке кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екіжақты қатынастардың барлық кешенін талқылап, өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.
М. Тілеуберді Астана мен Лондон арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін және тығыз саяси диалогты атап өтті, бұл әртүрлі салалардағы көпжоспарлы әріптестікті үдемелі тереңдетуге ықпал етеді.
"Менің сапарым Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтіп жатқаны символикалық мағынаға ие. Осы кезеңде біздің стратегиялық әріптестігімізге сапалы серпін беру маңызды", - деді ҚР СІМ басшысы.
Британдық тарап үкіметтік деңгейде тұрақты диалогты сақтау, сондай-ақ екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы байланыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.
"Қазақстан - еліміздің Орталық Азия өңіріндегі аса маңызды және сенімді серіктесі. Біз британдық-қазақстандық өзара іс-қимылды әртараптандыру үшін қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалануға дайынбыз", - деді Дж. Клеверли.
Бұған жақын арада Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңартылған келісімге қол қою ықпал етуі тиіс. Тараптар ағымдағы жылдың 10 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65,7%-ға жоғарылаған екіжақты тауар айналымының өсуін қанағаттанушылықпен атап өтті.
Сонымен қатар ҚР СІМ басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары туралы хабардар етті. М. Тілеуберді өзінің британдық әріптесін Астанаға сапармен келуге шақырды. Форин офистің басшысы шақыруды қуана қабыл алды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбританияның сыртқы саяси ведомстволары басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды, онда саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік және климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласында екіжақты стратегиялық әріптестікті дамытуға өзара ұмтылыс көрініс тапты.
Лондонға сапарының бірінші күні ҚР СІМ басшысы Ұлыбритания Премьер-министрінің Сауда өкілі баронесса Эмма Николсонмен, Британдық-қазақстандық қоғамдастықтың төрағасы Руперт Гудманмен және британдық ресми топтардың өкілдерімен кездесті.
Сол күні министр М. Тілеуберді мен қазақстандық делегация мүшелерінің «Shell», «RioTinto» және «ERG International Group» ірі британдық және халықаралық компанияларының басшыларымен кездесулері өтті. Минералды ресурстарды барлау және өндіру, қазақстандық мұнай экспортын әртараптандыру перспективалары, жасыл энергетиканы дамыту және Қазақстанда тұщыландыру және су тазарту құрылыстарын салу мәселелері талқыланды.
Ұлыбритания Қазақстанның ірі шетелдік инвесторлардың жетеуіне және жетекші сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Бүгінгі таңда ҚР-да британдық капиталы бар 600-ден астам компания тіркелген, Ұлыбританиядан Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 30 жыл ішінде 20 млрд АҚШ доллардан асты.