Олар 19 мамырдан 20 мамырға қараған түні Қазақстан арқылы Қырғызстанға жеткен. Ондағы мақсат - Ұлттық Ғылым академиясы мен Қырғыз техникалық университетінде дәріс оқу, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Құмтөрді байыту ісі шеңберінде Асқар Ақаевқа билік пен қызметтік жағдайын теріс пайдаланды, сондай-ақ 1992 жылы "Камеко" компаниясымен бас келісім жасасу және 2003 жылы "Құмтөр" жобасын қайта құрылымдау эпизодтары бойынша немқұрайлылық танытты деген айып тағылды.
2021 жылдың тамызында қуғында жүргеніне 16 жыл болған Ақаев Құмтөр ісі бойынша куәлік беру үшін Қырғызстанға келді. Ол желтоқсанда қайта кері ұшып кетті.
Сұқбаттарының бірінде бұрынғы мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының бұдан былай өзіне қарсы талаптары жоқ екенін айтқан болатын.
2022 жылдың қаңтар айының ортасында президент Садыр Жапаров: "Асқар Ақаев бұрынғы қателіктері үшін халық алдындағы кінәсін толығымен өтеп болды", - деді. Бір жылдан кейін Ақаевқа қатысты қылмыстық іс ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылғаны белгілі болды.