Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, келісім ерекше қауіпті аурулар мен жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу жөніндегі үйлестірілген шараларды қарастырады, соған байланысты төтенше жағдай енгізіледі.
Аурулардың толық тізімі келісімге қосымшада көрсетілген.
"Сонымен қатар келісім халықтың денсаулығына ықтимал қауіпті және төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігімен байланысты тауарлардың әкелінуі мен айналымының алдын алуға бағытталған. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың келуі мен тарауына байланысты мәселелер бойынша тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіру ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлер кеңесіне жүктелген".Ажар Ғиният
Министрдің айтуынша, келісім ТМД елдерін қауіпті аурулар мен жүктердің анықталу және таралу жағдайы туралы бір-бірін жедел хабардар етуге міндеттейді. Сонымен қатар тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуде практикалық, техникалық көмек көрсету қарастырылған.
Денсаулық сақтау министрі құжаттың қабылдануы ТМД елдеріндегі халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауатын қамтамасыз ететінін баса айтты.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитарлық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге 11 қатысушы елдің сегізі қол қойды.
2023 жылдың қазан айында Қарағанды облысының Топар ауылында сібір жарасының өршуіне байланысты карантин енгізілген еді. Ауру үш адамнан анықталды.