ДДҰ Ливанда тырысқақтың белең алу қаупі жоғары деп бағалап отыр

Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі елде тырысқақтың бір жағдайы тіркелгенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

ndtv.com деректеріне сүйенсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) өкілі Абдинасир Абубакар елдің оңтүстік бөлігінен солтүстікке қоныс аударған босқындардың арқасында тырысқақтың таралу қаупі өте жоғары деп санайды.

"Жақында Ливанның солтүстік бөлігіндегі вакцина алмаған халық арасынан тырысқақ ауруы расталды. Елдің оңтүстігінен қашқан жүздеген мың босқындардың қоныс аударуы аймақтағы ахуалды нашарлатуы мүмкін. Жұқтыру қаупі өте жоғары", — деді Абубакар.

Оның айтуынша, ұйым жағдайды бақылау үшін шаралар қабылдауда.

Сонымен қатар, Ливанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, науқас Ливанның солтүстігіндегі Аммунияда тіркелген, бір қызығы ол соңғы уақытта алыс-жақын сапар жасамаған.

Тырысқақ – адамнан адамға жұғатын жіті ішек жұқпалы ауруы. Тырысқақ басқа жіті ішек жұқпаларынан клиникалық ағымының ауырлығымен, жоғары өлім-жітімімен және салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ауқымды аумақтарға таралып, халықтың көпшілігіне жұқтыру мүмкіндігімен ерекшеленеді.

Бұған дейін Израильдің әуе шабуылдарынан үрейленген мыңдаған ливандық соғыс жүріп жатқан Сириядан пана тапқанын жазған едік. Соңғы мәліметтерге сәйкес, былтыр қазан айынан бері Израиль әскерінің әуе соққыларынан 2 мыңнан астам ливандық қаза тапқан. Ал жараланғандар саны 10 мыңнан асты.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: