АҚШ-тағы Куба елшілігі таратқан ақпаратқа сәйкес, америкалық ту көтерген катер Кубаның аумақтық суларына заңсыз кірген. Атыс салдарынан борттағы 10 адамның төртеуі қаза тауып, алтауы жараланған.
Елшілік Ішкі істер министрлігінің ресми жазбасына сілтеме жасап, толық мәлімдеме жариялады.
"2026 жылғы 25 ақпан күні таңертең Кубаның аумақтық суларында шекараны бұзған жылдам катер анықталған. АҚШ-тың Флорида штатында тіркелген (тіркеу нөмірі FL7726SH) бұл кеме Вилья-Клара провинциясындағы Корралильо муниципалитетіне қарасты Кайо-Фальконнес аралындағы Эль-Пино арнасының солтүстік-шығысына қарай шамамен 1 теңіз милі қашықтыққа дейін жақындаған,- делінген мәліметте.
Куба Ішкі істер министрлігінің Шекара әскерлеріне қарасты бес әскери қызметкер мінген патрульдік кеме катерді тексеру және тұлғасын анықтау үшін жақындағанда, шекараны бұзған катер экипажы кубалық қызметкерлерге қарай оқ жаудырған. Соның салдарынан кубалық кеменің командирі жараланған.
Ақпаратта оқиға барысында шетелдік кемедегі төрт адам қаза тапқаны, ал алтауы жарақат алғаны нақтыланды. Зардап шеккендер эвакуацияланып, медициналық көмек көрсетілген.
Елшілік мәлімдемесінде Куба мемлекеті өз аумақтық суларын қорғауға дайын екенін атап өткен:
"Қазіргі сын-қатерлер жағдайында Куба өз егемендігі мен аймақтағы тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізі саналатын ұлттық қорғаныс қағидатына сүйене отырып, аумақтық суларын қорғауға табандылық танытады".
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.