Көп жыл бойы Иранды басқарған, қаза тапқан Әли Хаменейдің ұлы Моджтаба елдің келесі жоғарғы көшбасшысы болып тағайындалды. 2026 жылғы 8 наурызда дінбасылар 56 жастағы саясаткерді әкесінің мұрагері деп жариялады. Енді ол Ислам Республикасын кейінгі 47 жылдағы ең ірі дағдарыс кезеңінде басқаруға тиіс, деп жазды Al Jazeera.
Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы жаңа жоғарғы көшбасшы Моджтаба Хаменейге адалдық антын беріп, оның нұсқауларын орындауға дайын екенін мәлімдеді.
Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы кеңестің хатшысы Әли Лариджани АҚШ пен Израиль толыққанды шабуыл бастағаннан бері Иранның қауіпсіздік стратегиясын айқындауға жауапты. Ол жаңа жоғарғы көшбасшы төңірегінде бірлікке шақырды.
Парламент спикері Мохаммед Багер Галибаф бұл таңдауды құптап, жаңа жоғарғы көшбасшыға бағыну "діни әрі ұлттық міндет" екенін айтты.
Моджтаба Хаменей ешқашан мемлекеттік қызметке сайлауға түспеген және жалпыхалықтық дауыс беруге қатыспаған. Соған қарамастан, ол ондаған жыл бойы жоғарғы көшбасшының жақын ортасында ықпалды тұлға болып келді және Ислам революциясы сақшылары корпусымен тығыз байланыс орнатқан.
Бұған дейін дінбасылар көпшілік келісімге келгенін айтқанымен, үміткердің есімін жарияламаған еді. Ассамблея мүшелерінің бірі: "Имам Хомейнидің жолы және шәһид Имам Хаменейдің жолы таңдалды. Хаменей есімі мәңгі жасайды", – деген.
Моджтаба Хаменей шииттік діни білімнің орталығы саналатын Құм қаласындағы семинарияларда консервативті дінбасылардан білім алған. Оның діни дәрежесі — ходжатолеслам, яғни орта деңгейдегі рухани атақ.
Иранды 37 жыл басқарған Әли Хаменей 1979 жылғы революцияны басқарған аятолла Рухолла Хомейнидің орнына келген еді. Ол 2026 жылғы 28 ақпанда Тегеранға жасалған АҚШ пен Израильдің соққысы кезінде қаза тапты.
Израиль әскері Хаменейдің кез келген мұрагерін өлтіруі мүмкін екенін ескерткен. Ал Дональд Трамп соғыс тек Иран армиясы мен басшылығы толық жойылғаннан кейін ғана аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді.