Daily Mail басылымының ақпаратына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 13 тамызда Парижден Сиэтлге ұшып бара жатқан трансатлантикалық рейс кезінде болған. Жолаушылар дәретханадан салон ішіне сұйықтық ағып жатқанын байқаған.
Басылымның мәліметінше, ұшақтағы дәретхана жүйесінде ақау орын алып, кейін дәретхана суы салонға тарай бастаған. Сондықтан жолаушылар ұшағы Лондонда жоспардан тыс қонуға мәжбүр болған.
Куәгерлердің айтуынша, судан жағымсыз иіс шыққан. Бортсеріктер сұйықтықтың салонға таралуын шектеу үшін көрпелерді пайдаланған. Ақырында экипаж ұшақтың бағытын өзгертіп, Лондонға қону туралы шешім қабылдаған.
Ақау жөнделген соң ұшақ Сиэтлге қарай ұшуын жалғастырған.
Әдетте шамамен 10 сағатқа созылатын сапар айтарлықтай ұзарып, жолаушылар Парижден ұшып шыққаннан кейін межелі жерге шамамен 20 сағаттан соң жеткен.
Айта кетейік, бұған дейін де дәретхана жүйесіндегі техникалық ақаулар жолаушылар ұшақтарының жоспардан тыс қонуына себеп болған. Дәретхананың толып кетуі немесе жүйенің істен шығуы салдарынан салон дәлізіне су тараған жағдайлар да кездескен.
Алайда дәретхананың ақауының өзі әрдайым ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді дегенді білдірмейді. Экипаж ұшақтың басқа әуежайға қону қажеттілігін ақаудың сипатына, оның салонға әсеріне және рейсті қауіпсіз жалғастыру мүмкіндігіне қарай шешеді.