Жүрегі тоқтап, ауруханаға түскен әйелге автотұрақ үшін айыппұл келген

Сурет: pexels
Жаңа Зеландияда әйел супермаркет алдында клиникалық өлімді бастан өткеріп, аман қалған. Сондай-ақ ол есін жиған соң автотұрақ үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Daily Star басылымы жазды. Басылымның мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 26 шілдеде New World супермаркетінің жанында болған. 54 жастағы әйел көлігін дүкен маңына қойып, көліктен шыққаннан кейін асфальтқа құлап, есінен танып қалған.

Оқиғаны кездейсоқ көрген әйел оған бірден көмекке келіп, жәбірленушінің тамыры соқпай тұрғанын анықтаған соң, жүрекке жанама массаж жасай бастаған. Оның әрекеті мен дәрігерлердің көмегінің арқасында жаңа зеландиялық әйелдің өмірі сақталды. Кейін парамедиктер оның отбасына әйелдің жүрегі шынымен тоқтап қалғанын хабарлаған.

"Әйел ауруханаға жеткізілді, ал оның көлігі автотұрақта қалды. Супермаркет жанындағы тегін автотұрақта 90 минутқа дейін тұруға рұқсат етілген. Алайда көлік иесі шұғыл медициналық көмек алып жатқан кезде шамамен бес жарым сағат сол жерде тұрған. Бірнеше күннен кейін әйел ауруханадан шыққан соң, оған автотұрақ ережесін бұзғаны туралы хабарлама келіп, 80 доллар (шамамен 23,5 мың теңге) көлемінде айыппұл салынған", – делінген жарияланымда.

Әйелдің отбасы айыппұлға шағымданған. Автотұрақ операторы оны толығымен жоюдан бас тартқанымен, соманы 30 долларға (шамамен 8,8 мың теңге) дейін азайтқан. Компания хатында көліктің автотұрақта 341 минут тұрғаны көрсетілген. Ерекше жағдайларға байланысты жеңілдік жасалғанымен, ереже бұзылғанын атап өткен.

Әйелдің әкесі бұл талапты қорлық деп атаған. Алайда қызы даудың өзіне стресс әкелгендіктен, ақырында айыппұлды төлеген.

Кейін New World Orewa супермаркетінің иесі Стив Маклин автотұрақ операторымен байланысып, отбасыдан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраған және әйелге төлеген ақшасын қайтарып берген.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Құрылтай депутаттарын сайлау: шетелдегі учаскелер қалай жұмыс істейді

Алаяқтар қазақстандықтарды қалай алдайды – ең көп таралған айла-тәсілдер аталды

Жалпыға бірдей декларация: 2025 жылы декларацияны кім тапсырады

31 мың көрермен және 50 елден келген жанкүйерлер: Алматы Канье Уэстің концертінен қанша табыс тапты

Қазақстандықтар Құрылтай сайлауында дауыс беретін учаскесін қалай біле алады