CBS News басылымының жазуынша, American Airlines әуе компаниясы 1494-рейстің жолаушылардың бірінің тәртіп бұзуы салдарынан Финикс Скай-Харбор халықаралық әуежайына бағытталғанын растады.
Ұшақ түнгі сағат 01:00 шамасында жолаушылардың бірі орнынан тұрып, әуе кемесінің алдыңғы бөлігіне барғаннан кейін қонған. Ол экипаждың орнына қайта отыру туралы бірнеше рет берген нұсқауын орындамай, апаттық шығу есігін ашуға әрекет жасаған.
Полицияның мәліметінше, экипаж мүшелері мен басқа жолаушылар ер адамды ұшақ Финикске аман-есен қонғанға дейін ұстап тұрған.
Жолаушылардың бірі түсірген видеодан ер адамның бортсеріктермен және оны еденге басып ұстаған басқа жолаушылармен арпалысқанын көруге болады.
Полицияның хабарлауынша, тәртіп бұзған жолаушы жеңіл жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Алайда ол қамауға алынбаған. Оқиғаға қатысты Федералдық тергеу бюросы (ФБР) тергеу жұмыстарын бастады.