Әуе билеті уақыт тақалғанда неге қымбат болады

Журналистер Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтан әуе билеті бірнеше ай бұрын арзан болып, ал уақыт тақалғанда қымбаттап кететіні неліктен екенін сұрады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасына сұрақ қойғанда журналистер Fly Аrystan компаниясын мысалға келтірді. Компания алғаш ашылғанда көбі әуе билеті қарапайым халыққа қолжетімді болады деп қуанып еді. Ал негізінде билетті бірнеше ай бұрын алсақ қана арзанға ала аламыз. Тақалғанда билет бағасы тіптен өсіп кетеді. Төрағадан осындай жағдай не себепті болатыны сұралды.

"Fly Аrystan 2019 жылдан бері 8 миллион жолаушыны тасыған. Оның ішінде жолаушының 60%-ы 15 мыңнан төмен бағада билет алған. Сол себепті біз компания лоукостер ретінде өз мақсатын орындап жатыр деп есептейміз", - деп жауап берді Талғат Ластаев.

Бұдан бұрын сенат отырысында әуе билетінің бағасына жанармайдан бастап басқа да шығындар кіретіні айтылған еді. Журналистер Талғат Ластаевтан "Бір күн бұрын алынған рейстің ұшағы ерекше жанармаймен ұша ма?" деп сұрады. 

"Халықаралық авиацияда сондай ереже пайдаланылады. Билет құны оның уақытына байланысты. Тіпті қонақүйлер де осындай тәжірибені қолданып, жұмыс істейді. Оның мағынасы неде? Билет көбірек алынса, билет бағасы көтеріле береді. Мұндай "Бағаның динамикалы өзгеруі" деген тәсіл халықаралық тәжірибеде пайдаланылады", - деп жауап берді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: