Айгүл Аббасова базалық салықтық шегерімді қолдануға болатын жағдайға мысал келтірді.
"Мысалы, адам 300 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ол бухгалтерияға өтініш тапсырады, сонда осы 300 мың теңгеден 129 750 теңге шегеріледі. Нәтижесінде ЖТС 300 мың теңгеден емес, осы соманы алып тастағаннан кейін қалған шамамен 170 мың теңгеден есептеледі. Яғни дәл осы сома салық салынатын табыс болып саналады", – деп түсіндірді ол.
Бұл ретте азаматтан ешқандай анықтама немесе растайтын құжаттар талап етілмейді. Жұмыс орны бойынша бухгалтерияға базалық салықтық шегерімді қолдану туралы өтініш беру жеткілікті, содан кейін ол автоматты түрде қолданылады.
"Егер адам бірнеше жерде жұмыс істесе, базалық шегерімді тек бір ғана жұмыс орнында қолдана алады. Әр жұмыс орнында қатар қолдануға болмайды. Егер ол шегерімді бірнеше жерде пайдаланса, бұл заңсыз болып саналады. Мұндай жағдай анықталған кезде, жыл қорытындысы бойынша төленбей қалған салық сомасын қосымша төлеуге міндетті болады", – деп атап өтті Айгүл Аббасова.
Аталған шегерімді заңды түрде қолдануға қатысты барлық жауапкершілік жеке тұлғаның өзіне жүктеледі.
Бұған дейін Айгүл Аббасова жаңа Салық кодексінде 30 АЕК мөлшерінде базалық салықтық шегерім көзделгенін еске салған болатын.