Бірыңғай QR-код деген не және ол қазақстандықтардың өмірін қалай өзгертеді

Сурет: freepik
Қазақстанда бір айдан кейін сатып алуларды QR-код арқылы төлеу әлдеқайда ыңғайлы болмақ. Қазір төлем жасау кезінде сатып алушының қай банктің клиенті екені немесе сатушыда қай банктің терминалы орнатылғаны маңызды болса, жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін бұл шектеулер жойылады.

Жүйе бір айдан кейін іске қосылады

Қазақстан Ұлттық банкі барлық екінші деңгейлі банктер 2026 жылғы 18 шілдеге дейін Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылуы тиіс екенін мәлімдеді. Бұл талап жаңа "Банктер туралы" заңға енгізілген түзетулермен бекітілген және 18 шілдеден бастап күшіне енеді.

Егер барлық техникалық жұмыстар уақытында аяқталса, бірыңғай QR-төлем жүйесі 19 шілдеден бастап толыққанды жұмыс істей бастайды.

Бірыңғай QR-кодтың артықшылығы қандай?

Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін азаматтар кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы кез келген банктің QR-кодын сканерлеп, төлем жасай алады.

Қазіргі таңда кейбір дүкендерде белгілі бір банктің QR-коды ғана жұмыс істейді. Сондықтан сатып алушылар кейде төлем жасау үшін қажетті банктің қосымшасын қолдануға мәжбүр болады. Бірыңғай жүйе бұл мәселені шешеді.

Ұлттық банктің мәліметінше, жаңа жүйе кәсіпкерлер үшін де тиімді болады.

"Банкаралық QR-төлемдерді енгізу бизнеске әртүрлі банктердің бірнеше терминалын орнатуға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Ал азаматтар еліміздегі кез келген банктің терминалы арқылы QR-кодпен төлем жасай алады", – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Осылайша, бірыңғай QR-код жүйесі төлемдерді жеңілдетіп, банктер арасындағы өзара үйлесімділікті арттырып, кәсіпкерлер мен тұтынушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастырмақ.

Бірыңғай QR-код деген не және ол сатып алушыларға не үшін қажет?

Бүгінде көптеген қазақстандықтар тауарлар мен қызметтердің ақысын банктердің мобильді қосымшаларындағы QR-код арқылы төлейді. Алайда бұл жүйе әрдайым бірдей ыңғайлы бола бермейді, дейді экономист Төлеген Асқаров.

Оның айтуынша, әр банктің өзіне тән техникалық шешімдері болғандықтан, кей жағдайда клиент қолданатын банк қосымшасы басқа банктің QR-кодын немесе терминалын қолдамайтын жағдайлар кездеседі.

"Сондықтан сатып алушыға төлем жасаудың басқа тәсілін іздеуге немесе қолма-қол ақша пайдалануға тура келетін", – дейді сарапшы.

Бірыңғай QR-төлем жүйесі іске қосылғаннан кейін мұндай шектеулер жойылады. Енді сатып алушы үшін қай банктің картасын немесе мобильді қосымшасын пайдаланатыны маңызды болмайды. Ең бастысы – QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндігінің болуы.

Яғни, жүйеге қосылған кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы еліміздегі кез келген банктің терминалындағы QR-кодпен төлем жасауға болады.

Жаңа жүйе кәсіпкерлер үшін де тиімді болмақ. Олар әртүрлі банктердің бірнеше төлем шешімдерін пайдаланудың орнына, қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға арналған бірыңғай инфрақұрылымды қолдана алады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңашылдық төлем жасауды жеңілдетіп қана қоймай, кәсіпкерлердің шығындарын азайтып, банк қызметтері арасындағы өзара үйлесімділікті арттырады.

Бірыңғай QR жүйесінің іске қосылуы неге екі жылға жуық уақытқа созылды?

Банкаралық QR-төлемдер жүйесінің жұмысы алғаш рет 2024 жылдың қараша айында Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде таныстырылған болатын. Сол кезде алғашқы төлем операциясы екі екінші деңгейлі банктің қатысуымен жүзеге асырылып, Ұлттық банк жобаны кезең-кезеңімен кеңейтуді жоспарлаған еді.

Алайда жүйені іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді.

2026 жылдың наурыз айында бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев де назар аударып, жобаның баяу жүзеге асырылып жатқанын сынға алған болатын.

"Барлық банктердің осы инфрақұрылымға қосылу міндеті заңмен бекітілген. Алайда ірі банктер бұл талапты орындауды созып отыр", – деген еді Президент.

Кейінірек Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов кешігудің себебін түсіндірді.

Оның айтуынша, мәселе тек ұйымдастырушылық жұмыстарда емес, банктер қолданатын технологиялық шешімдердің әртүрлі болуына да байланысты болған.

"Банктердің QR жүйесіне қатысты технологиялық хаттамалары мен алгоритмдері әртүрлі. Қазір біз QR-кодтағы ақпараттың құрылымы мен криптографиялық қорғанысын бірыңғай стандартқа келтіріп жатырмыз. Ал "қосыламын-қосылмаймын" деген мәселелердің бәрі артта қалды", – деді Тимур Сүлейменов.

Осылайша, бірыңғай QR жүйесін енгізудің негізгі қиындығы банктер арасындағы техникалық үйлесімділікті қамтамасыз ету болған. Енді барлық банк ортақ стандартқа көшкеннен кейін, жүйе 2026 жылғы 19 шілдеден бастап толыққанды жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

Бірыңғай QR-код мемлекетке қандай пайда әкеледі?

Экономист Төлеген Асқаровтің пікірінше, бірыңғай QR-код жүйесі тек азаматтардың төлем жасауын жеңілдетіп қана қоймай, мемлекет үшін де маңызды артықшылықтарға ие.

Оның айтуынша, жаңа жүйе қолма-қол ақшасыз есеп айырысулардың ашықтығын арттырады. Соның нәтижесінде қаржы айналымын бақылау жеңілдеп, бюджетке түсетін түсімдердің көлемі де ұлғаюы мүмкін.

"Барлық төлемдер ашық әрі көрінетін болады. Бұл бюджет кірісінің артуына ықпал етеді. Ал бюджет қаржысы – халықтың тұрмыс сапасы, әлеуметтік қызметтер, инфрақұрылым, білім беру және денсаулық сақтау салаларының дамуы деген сөз", – деді Төлеген Асқаров.

Сарапшының пікірінше, бірыңғай QR-төлем жүйесі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік кірістердің тұрақты өсуіне және әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды тиімді қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Неліктен барлық банктер бірыңғай QR-код жүйесін енгізуге мүдделі болмады?

Экономист Төлеген Асқаровтің пікірінше, бұған дейін әр банктің өз QR-төлем жүйесінің болуы қаржы ұйымдарына клиенттерін өз экожүйесінде ұстап қалуға мүмкіндік беріп келді.

Оның айтуынша, клиент өз банкіндегі мобильді қосымшаны пайдаланған кезде сол банкке тиесілі терминалдар арқылы төлем жасау әлдеқайда ыңғайлы болатын. Ал басқа банктердің төлем шешімдерін қолданғанда қосымша комиссиялар немесе түрлі шектеулер туындауы мүмкін еді.

"Егер адам өз банкіндегі қосымшаны пайдаланса, сол банктің терминалдары арқылы төлем жасағаны тиімді болатын. Ал басқа жүйелерді қолданған жағдайда белгілі бір шектеулер немесе қосымша шығындар пайда болуы мүмкін еді", – дейді сарапшы.

Бірыңғай QR-код стандарты енгізілгеннен кейін банктер арасындағы бәсекелестік сипаты өзгереді. Енді қаржы ұйымдары клиенттерді өз төлем инфрақұрылымы арқылы емес, қызмет көрсету сапасы, тиімді тарифтер, бонустық бағдарламалар және қосымша сервистер арқылы тартуға мәжбүр болады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс қаржы нарығындағы бәсекені күшейтіп, банктердің клиенттерге ұсынатын қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Жамбыл облысында 17 бас жылқыны жымқырды деген күдікпен жылқышы ұсталды

Елімізде тұрғын үйлердің маңына автокөліктерді қоюға тыйым салынады деген рас па - түсініктеме

Астана медицина университетіне академик Төрегелді Шармановтың есімі беріледі – Қасым-Жомарт Тоқаев

Алматы облысында жалған сүт үшін жүздеген миллион теңге субсидия алған кооператив басшысы сотталды

"Қыздар.нет" сайты иелерінен қандай мүлік табылды