Ең көп кэшбэкті алу қиындай түсті
Қазір Қазақстандағы 23 банктің 12-сі бонус бағдарламаларын ұсынады. Кез келген сауда желісіндегі барлық сатып алуға кэшбэк беретін 9 банк бар. Алайда сыйақы мөлшері қосымша талаптарға барған сайын жиі байланысты болады.
2026 жылы банктердің көпшілігі кэшбэк және бонус жүйелерін қайта қарады. Кейбірінде жоғары мөлшерлеме клиенттің шотында сақтайтын қаражатына байланысты болса, енді бірінде алдыңғы айдағы айналымға тәуелді. Басқа жағдайларда ең жоғары кэшбэк тек белгілі бір төлем тәсілін пайдаланғанда немесе таңдалған санаттар бойынша қолжетімді болады.
Яғни жарнамада көрсетілген 5%, 7% немесе 10% кэшбэк клиенттің барлық шығынына дәл осы пайыз есептеледі дегенді білдірмейді.
Барлық сатып алуға 5% – сирек кездесетін жағдай
Мұның айқын мысалы – танымал банктердің біріндегі дебеттік карта иелеріне арналған бағдарлама.
Маусым айында шоттарында 5 млн теңгеден астам қаражаты бар клиент барлық сатып алуы үшін 5% бонус, сондай-ақ жекелеген санаттар бойынша жоғары кэшбэк ала алатын.
Қазір жүйе өзгерді – клиентке жоғары кэшбэк берілетін үш санатты таңдау ұсынылады. Олардың бірі барлық сатып алуға қолданылуы мүмкін, бірақ мөлшерлемесі енді 1% ғана.
Барлық сатып алуға 5% кэшбэк алу әлі де мүмкін, алайда бұл шарт тек премиум картаның иелеріне арналған. Сонымен қатар карточкалық немесе ағымдағы шоттарда кемінде 500 мың теңге төмендемейтін қалдықты кем дегенде 21 күнтізбелік күн сақтау қажет.
Бұл бағдарламаға қатысу үшін сондай-ақ кемінде 45 млн теңге көлемінде инвестициялық өнімдер немесе шетел валютасындағы баламасы болуы керек.
Сыйақы мөлшері шоттағы ақшаға байланысты
Биыл пайда болған тағы бір модель сатып алу үшін қайтарылатын қаражат көлемін картадағы қалдықпен байланыстырады. Шоттағы қалдық 1 млн теңгеден басталған кезде ең жоғары мөлшерлеме 7%-ға дейін жетеді.
Бұл ретте карта түрі де маңызды, бірақ ол айлық лимитке әсер етеді. Карта түріне байланысты лимит 15 мың теңгеден (кәдімгі карта) 100 мың теңгеге дейін (премиум карта) болады.
Сонымен қатар 1 млн теңгеден бастап депозит болған жағдайда тағы 1% алуға болады.
Биыл маусым айынан бастап бонус мөлшері алдыңғы айдағы қолма-қол ақшасыз айналымды ескере отырып есептелетін тағы бір жүйе жұмыс істейді.
Мысалы, клиент тамыз айында картасын белсенді пайдаланса, осы айналым қыркүйек айындағы кэшбэкті есептеу шарттарының біріне айналады. Егер тамыздағы шығын көлемі төмен болса, бұл келесі айдағы сыйақы мөлшеріне әсер етуі мүмкін. Бұл ретте бонустар алу үшін сатып алуларды смартфон арқылы немесе интернетте төлеу қажет.
Коммуналдық төлемдерге және мереке күндері 10%
Қыркүйек айынан бастап банктердің бірі премиум жалақы картасы бар клиенттерге банк қосымшасы арқылы коммуналдық қызметтерді, интернет пен теледидарды, балабақша мен қоғамдық көлікті төлегені үшін 10% кэшбэк бере бастады. Алайда акция бойынша айлық лимит 10 мың теңгемен шектелген.
Тағы бір қызықты ұсыныс – бағдарламалардың бірінде мереке күндері екі еселенген кэшбэк алу мүмкіндігі пайда болды. Яғни максималды бонус сатып алу санатына емес, төлем жасалған күнге байланысты болады.
Күнделікті шығындардан қанша ақша қайтаруға болады?
Статистика деректеріне сәйкес, Қазақстандағы үй шаруашылықтарының орташа шығыны тоқсанына 1 029 900 теңгені құрады. Оның 933 584 теңгесі тұтынушылық шығындарға – азық-түлікке, азық-түлікке жатпайтын тауарларға және ақылы қызметтерге жұмсалған.
Бұл айына орта есеппен 311 200 теңге тұтынушылық шығын деген сөз. Егер шартты түрде осы соманың барлығына 1% кэшбэк есептелсе, айына шамамен 3 100 теңге қайтарылады.
- 3% мөлшерлемемен теориялық сома – шамамен 9 300 теңге.
- 5% болса – шамамен 15 600 теңге.
- 10% болса – шамамен 31 100 теңге.
Алайда соңғы екі есеп тек математикалық мүмкіндікті көрсетеді. Нақты бағдарламаларда кэшбэк сомасы, әдетте, белгілі бір лимитпен шектеледі.
Кэшбэкті қалай тиімді пайдалануға болады?
Бағдарламаларды тек ең жоғары мөлшерлемесі бойынша салыстырудың мәні жоқ.
Ай сайын шамамен 300 мың теңге жұмсайтын клиент үшін осы соманың қанша бөлігі жоғары кэшбэкке түсетінін білу маңызды. Егер 5% тек жекелеген санаттарға ғана қолданылып, қалған сатып алуларға 1% берілсе, нақты қайтарылатын сома жарнамадағы максималды көрсеткіштен әлдеқайда төмен болады.
Бұл жоғары бонус алу үшін шотта үнемі қомақты қаражат ұстауды талап ететін бағдарламаларға да қатысты. Мысалы, сол шартты 1 млн теңгені шотта ұстап, кэшбэк алған тиімді ме, әлде бұл ақшаны депозитке салып, кэшбэктен бас тартқан дұрыс па – мұны жеке есептеген жөн.
"Кэшбэк беретін бірнеше картаның болғаны тиімді ме?" деген сұрақ та осыған қатысты. Әртүрлі бағдарламалар әртүрлі шығындарға бағытталған. Бір карта азық-түлікке жоғары кэшбэк беруі мүмкін, екіншісі коммуналдық төлемдерге, үшіншісі белгілі бір төлем тәсіліне немесе нақты санаттарға жоғары қайтарым ұсынады. Сондықтан бірнеше картаның болуы шығындарды бағдарламалар арасында бөліп, мүмкіндік болған жағдайда жоғары мөлшерлемені пайдалануға мүмкіндік береді.
Бірақ мұнда да есеп жүргізу маңызды. Егер бонус алу үшін шотта қомақты қаражат ұстау, картаға қызмет көрсету ақысын төлеу немесе белгілі бір айналымды сақтау қажет болса, қосымша талаптар алынатын пайданы азайтуы мүмкін.
Бұған дейін біз қыркүйек айында депозиттерден қанша табыс табуға болатынын жазған болатынбыз.