Бағаның қарқынды өсуі тоқтады
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың басынан бергі деректерін қарасақ, қаңтарда ет бағасының жылдық өсімі мынадай болған:
- сүйекті сиыр еті – 28,7%;
- сүйексіз сиыр еті – 30,9%;
- жылқы еті – 17,7%;
- қой еті – 29,1%;
- тартылған ет – 27%.
Шілде айының соңына қарай көрсеткіштер айтарлықтай өзгерді. Сүйекті сиыр етінің жылдық қымбаттауы 15,6%,сүйексіз сиыр еті – 14%, жылқы еті – 14%, қой еті – 27,7%, тартылған ет – 15,3% болды.
Тамызда төмендеу жалғасты: тиісінше 12,2%, 10,1%, 11,8%, 24,3% және 12,9%.
Қазір 12 айдағы өсім сүйекті сиыр еті бойынша 8,8%, сүйексіз сиыр еті бойынша – 7%, жылқы еті бойынша – 9,6%, тартылған ет бойынша – 11% болды.
Көріп отырғанымыздай, бағаның жалпы өсімі бір таңбалы көрсеткішке жақындап келеді. Әсіресе сүйексіз сиыр етінің бағасы айтарлықтай өзгерген: қаңтарда оның жылдық қымбаттауы 30,9% болса, қыркүйекте бұл көрсеткіш 7%-ға дейін төмендеді. Ерекшелік – қой еті. Бір жыл ішінде оның бағасы 21,7%-ға өскен.
Қазір ет қанша тұрады?
23 қыркүйектегі ел бойынша орташа бағалар:
- сүйекті сиыр еті – 1 кг үшін 3 810 теңге;
- сүйексіз сиыр еті – 5 021 теңге;
- жылқы еті – 4 319 теңге;
- қой еті – 4 530 теңге;
- тартылған ет – 4 338 теңге;
- тауық еті (сүбе) – 1 740 теңге;
- тауық еті (сан еті, сирақ және т.б.) – 1 кг үшін 1 766 теңге.
Жаздағы бағаның төмендеуіне байланысты ет бұрынғы қымбаттау қарқынын ішінара өтеп, қаңтардан бері баға айтарлықтай өсе қоймаған.
- сүйекті сиыр етінің орташа бағасы 191 теңгеге немесе 5,3%-ға өсті;
- сүйексіз сиыр еті 149 теңгеге немесе 3,1%-ға қымбаттады;
- жылқы етінің бағасы 245 теңгеге немесе 6%-ға өсті;
- тартылған ет – 153 теңгеге немесе 3,7%-ға;
- тауық сүбесінің бағасы 57 теңгеге немесе 3,4%-ға;
- тауықтың саны, сирағы мен қанаты – 91 теңгеге немесе 5,4%-ға қымбаттады.
Алайда жалпы көрініске қой етінің бағасы кері әсер етіп отыр. Қаңтар-қыркүйек аралығында оның орташа бағасы 690 теңгеге немесе 18%-ға өскен.
Ет қай жерде қымбат?
Сүйекті сиыр етінің ең жоғары бағасы қазір Алматыда тіркелген – 1 кг үшін 4 168 теңге. Көкшетауда бұл еттің орташа бағасы 3 476 теңге.
Сүйексіз сиыр еті ең қымбат Шымкентте – 1 кг үшін 5 299 теңге. Ең төмен орташа баға Қызылордада тіркелген – 4 533 теңге.
Жылқы еті Петропавлда қымбат – 1 кг үшін 4 732 теңге. Оралда оның орташа бағасы 3 996 теңге болған.
Қой етінің ең жоғары бағасы Астанада – 1 кг үшін 5 441 теңге. Ең төмен баға Оралда тіркелген – 4 107 теңге.
Аталған ет түрлерінің ішінде баға айырмашылығы тартылған ет бойынша ең жоғары. Астанада оның орташа бағасы 1 кг үшін 5 042 теңге болса, Семейде – 3 402 теңге. Айырмашылық бір килограмына 1 640 теңге.
Қалған азық-түлік өнімдерінің бағасы қалай өзгерді?
Жалпы алғанда, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасы 23 қыркүйекке қарай айтарлықтай өзгермеген. Бір апта ішінде азық-түлік себеті 0,1%-ға, жыл басынан бері 1,5%-ға, ал бір жылда 2%-ға қымбаттады.
Бұл ретте себет ішіндегі баға динамикасы әртүрлі болды. Бір аптада қызанақтың бағасы ең қатты өсіп, бірден 22,5%-ға қымбаттады. Жұмыртқа 3,4%-ға, қарақұмық 3,2%-ға өсті.
Сонымен қатар кейбір көкөністер айтарлықтай арзандады. Пияздың бағасы 20,7%-ға, сәбіз 13,6%-ға, картоп 13,4%-ға, қырыққабат 10,1%-ға, алма 5,3%-ға төмендеді.
Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себетінің жалпы құны бір жылда небәрі 2%-ға өсті.
Азық-түлік бағасының бәсеңдеуі – жалпы үрдістің бір бөлігі
ӘМАТ бағасының өсу қарқынының бәсеңдеуі инфляциялық қысымның жалпы әлсіреуі аясында болып отыр. Қыркүйекке қарай Қазақстандағы жылдық инфляция 10,3%-дан 9,8%-ға, азық-түлік инфляциясы 10,2%-дан 9,5%-ға төмендеді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жалпы инфляцияның бәсеңдеуін бірнеше фактор байланыстыратынын айтты.
"Ақша-кредит саясаты және мұнай бағасының қолайлы болуының арқасында нығайып отырған теңге импорт құнының төмендеуі арқылы инфляцияны айтарлықтай бәсеңдетіп отыр", – деді Тимур Сүлейменов.
ҚР Ұлттық банкінің төрағасының айтуынша, реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқыны 8,9%-ға дейін баяулап, қызмет көрсету саласындағы инфляция да төмендеген.
Халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеуі де оң белгі болып отыр. Шілдеде бір жылға арналған инфляциялық болжамдар 13,4%-дан 12,1%-ға дейін айтарлықтай төмендеді.
Тағы бір маңызды себеп – мұнай өндіруді есепке алмағанда, экономиканың өсуі. Мұнай емес сектордағы оң динамикаға байланысты ЖІӨ өсімі 5,4% деңгейінде бағаланып отыр. Бұл өз кезегінде халықтың сұранысын және саудадағы белсенділікті арттырады.