Ресми мәліметке сәйкес, қазан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 3%-ға әлсіреп, бір доллар үшін 453,77 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 474 миллион доллардан 397 миллион долларға дейін төмендеді. Жалпы сауда көлемі 8,4 миллиард доллар болды.
"Қысқа мерзімді перспективада теңге бағамының динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы жағдайға және геосаяси ахуалдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жиналуына жол бермейтін әрі алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді валюта бағамы режимін ұстануды жалғастырады", – делінген Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ақша-кредит реттеушісінің мәліметінше, алтын сатып алу операцияларын айналық өтеу аясында қазан айында шамамен 302 миллиард теңге өтімділік нарықтан шығарылған.
Қараша айында осы мақсатта 302 миллиард теңгеге балама валюта сату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Қазақстан үкіметінің өтінімдері аясында қаржыландыруды қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты Ұлттық банк Ұлттық қордан 910 миллион доллар сатып алғаны хабарланды.
Бұл қаражат көлемі Ұлттық қор операцияларын айналық өтеу аясында ішкі валюта нарығында сатылады. Операциялар нарық конъюнктурасын ескере отырып жүргізіледі. Бұл айырбас бағамының іргелі факторларға сай болуына ықпал етіп, теңгенің күрт алыпсатарлық ауытқуларына жол бермеуге бағытталған.
Сонымен қатар Ұлттық банк баспасөз қызметі Ұлттық қор қаражатына қатысты операцияларды жүргізу және айналық өтеу тетігін іске асыру кезінде нарықтық бейтараптық қағидаты сақталатынын мәлімдеді.
Қазан айында Ұлттық банк валюта интервенцияларын жүргізген жоқ.
Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтеріндегі валюталық үлесті сақтау мақсатында Ұлттық банк инвестициялық басқарушы ретінде биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы көлемі 568 миллион долларды немесе сауда-саттықтың жалпы көлемінің шамамен 7%-ын құрады.
Алдағы шешімдер зейнетақы активтерін инвестициялық басқару аясында нарықтағы жағдайды ескере отырып қабылданады.