Қай елдердің қарыз жүктемесі ең жоғары және Қазақстандағы жағдай қандай

Фото: сгенерировано с помощью ИИ
Қазақстанның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 23,8%-ына тең. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы елдің жалпы қарызын бір жылда өндірген тауарлары мен көрсеткен қызметтерінің құнымен салыстырады. Пайызбен көрсетілетін бұл шама әр елдің қарыз жүктемесін салыстыруға, қаржылық жағдайы мен қарызын өтеу мүмкіндігін бағалауға көмектеседі.

Канадалық Visual Capitalist талдау платформасының сарапшылары Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) 2026 жылғы қазандағы деректеріне сүйеніп, әлемдегі қарыз жүктемесі ең жоғары және ең төмен елдердің рейтингін инфографика түрінде ұсынды.

Қарыз жүктемесі қай елдерде ең жоғары?

2026 жылы әлем елдерінің жиынтық мемлекеттік қарызы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, 121 трлн долларға жуықтады. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 94,6%-ына тең.

Қарыздың жалпы сомасына ғана қарап, оның ел экономикасына қаншалықты салмақ түсіретінін бағалау қиын. Экономикасы дамыған, кірісі жоғары елдер ірі қарыздар бойынша міндеттемелерін орындай алады. Ал экономикасының өнімділігі төмен елдер үшін мұндай қарызды өтеу аса ауыр болуы мүмкін.

Әлемде қарыз жүктемесі ең жоғары ел – Судан. Оның мемлекеттік қарызы 103 млрд долларға жеткен. Бұл елдің ЖІӨ-сінің 334,4%-ына тең.

Қарыз жүктемесі жоғары елдер қатарында Жапония (199,9%), Сингапур (166,4%), Бахрейн (162,8%), Ливан (139,4%), Италия (137,9%), Грекия (136%), Мальдив аралдары (130,7%), АҚШ (126,8%), Ливия (125,2%) және Франция (118,5%) бар.

Қазақстан мен өзге ТМД елдеріндегі жағдай қандай?

ХВҚ дерегіне сүйенсек, ТМД елдері арасында қарыз жүктемесі ең жоғары ел – Армения. Оның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 48,1%-ына тең. Екінші орында Қырғызстан (34%), үшінші орында Беларусь (31,1%) тұр.

Өзбекстанда мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 27,6%-ын, Қазақстанда 23,8%-ын құрайды. Ресейде бұл көрсеткіш 19,3%, Тәжікстанда 18,3%, ал Әзербайжанда 16,5% болды.

Қарыз жүктемесі қай жерде ең төмен?

Әлемдегі ең төмен көрсеткіш Макаода тіркелген. Кең автономияға ие Қытайдың бұл арнайы әкімшілік ауданында ішкі және сыртқы қарыз бойынша міндеттеме жоқ.

Мемлекеттік қарызы ЖІӨ-ге шаққанда ең төмен елдердің қатарына Лихтенштейн (0,5%), Тувалу (2,5%), Наоэро (2026 жылғы шілдеге дейінгі атауы – Науру, 2,6%) және Түрікменстан (2,9%) кіреді. Микронезия Федеративтік Штаттары мен Кирибатиде бұл көрсеткіш 7,7%-дан, Гаитиде 10,5%, ал Шығыс Тиморда 13,9% болды.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Студенттің қазасынан кейін ҚазҰУ-де кешенді тексеру жүргізіледі

Алматы облысында мемлекетке қайтарылған жерлерде құны 60,2 млрд теңге болатын бес жоба іске асырылмақ

Супермаркетте 500 мың теңгесінен айырылып қала жаздаған зейнеткерді қала тұрғыны құтқарып қалды

"Азаматтарға арналған үкімет" зейнетақы мен жәрдемақының уақтылы төленуі туралы есеп бермек

"Balapan"-ның күзгі базарлығы