Батыс Қазақстанда жәндіктермен күреске 300 миллионға жуық қаржы бөлінген

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Оралда жүргізіліп жатқан дезинсекцияны сынға алды. Оралда маса-шыбынмен күреске 300 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген, бірақ нәтиже байқалмайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Turkystan.kz-тің хабарлауынша, БҚО әкімі Ғали Есқалиев дезинсекцияға жауапты қызметкерлерге сұрақ қойды. БҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Асхат Ғабидуллин бұл сұраққа жауап бере алмады.

Профилактикалық дезинсекция жыл сайын жүргізіледі, бірақ қала тұрғындарының масаның көптігіне шағымы азаймайды. Неге олай? Маса мен шыбынға қарсы күреске 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді, бірақ нәтижесі нөл, – деді Ғали Есқалиев.

Аталған мәселемен күресті жүзеге асыру үшін мердігер «Магтоксин» ЖШС компаниясы бюджеттен 291 млн 200 мың теңге алады. Келісімшарт 2021-2023 жылдарға арналған.

Былтыр ЖШС 93 млн 306 мың теңгені игерді. Жалпы жоспарланған тазалау алаңы – 13 мың гектар. Орал қаласының маңы, Серебряково, Круглоозерное, Коминтерн, Желаево, Октябрьское, Зеленое, Макарово, Достық, Меловые горки, Өскен және Жамбыл кенттеріндегі орман аймақтары мен массивтері өңделеді, – деді БҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Асхат Ғабидуллин.

Жиында Ғали Есқалиев Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтен мердігердің жұмысына қатысты пікір білдіруін сұрады. Абат Шыныбеков компанияның жұмысына көңілі толатынын айтты. Жиналысқа мердігер ұйымның басшысы қатысқан жоқ. Ал БҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы мердігердің жұмысын бақылауға алуға уәде берді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: